Қостанайда «Kostanay Invest 2024» инвестициялық форумы өтті
Іскерлік бағдарлама шеңберінде көзделген іс-шаралар екі күнге жоспарланған, деп хабарлайды 24kz.
24 шілде күні табысты кәсіпкерлер мен бизнес-коучерлер жұмыс істеп жатқан және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер, жас стартаперлер мен өңір тұрғындары үшін тегін шеберлік сағатын өткізді. Ал, бүгін өткен пленарлық отырысқа отандық және шетелдік бизнес, мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және басқа да 500-ге жуық іскер азамат қатысты.
«Kostanay Invest 2024» инвестициялық форумы инженерлік инфрақұрылыммен толықтай қамтылған индустриалдық аймақ аумағында өткізілді. Іс-шараға қатысушылар өңірдің инвестициялық әлеуетімен және өнеркәсіптің түрлі саласында іске асып жатқан ірі жобалармен танысты.
Қуан Есқайыров, кәсіпкер:
- Бүгінгі форумда күшті бизнес жаттықтырушылар болды. Солармен кездесіп айтқанын тыңдадық. Көптеген сұрақ-жауаптар пайда болды. Және сол сұрақтарға жауапты осындай форумдарды жиі өткізу арқасында табуға болады. Және де әкім облысының айтуы бойынша көптеген инвесторлар болсын, инвесторларға көмек ретінде қолдау ретінде қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді бүгінгі форумда.
Махмұт Серкан Йылдыз, инвестор (Түркия):
- Біз ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестицияны дамыту туралы тапсырмасына сәйкес «Kazakh Invest»-ті қолдау бағытында екіжақты тиімді жұмыс атқарып жатырмыз. Қостанай облысының әкімдігі бізге жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Осы өңір бізге логистика және аграрлық саладағы байланыстарда үлкен көмек көрсетті. Сіздің ел аумағында 2 ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Соның бірі дәнді-дақыл және бұрақ дақылдарымен айналысатын «Армада фудс» компаниясы мен J Like CLK хлодингі. Жалпы айтқанда, аталған форум осында қатысқан барша инвесторлар үшін өте тиімді болды деп есептеймін.
Қырмызы Жаңбыршина, «Еуразиялық банк» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры:
- Алыс-жақын шетелден келген инвесторлар, өзіміздің отандық инвесторлар бәрі осы жерде бас қосып жиналып, бір-біріне тиімді болатындай шарттарды жасасып, сол шарттардың пайдасы біздің экономикамызға үлкен өзінің пайдасын алып келетін болады.
Былтырғы форумның қорытындысы бойынша облыс әкімдігі мен ірі инвесторлар арасында жалпы сомасы шамамен 440 млрд теңге болатын жобаларды іске асыру туралы бірқатар келісімдер жасалды.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Соңғы 2 жылда өңірге 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылды. Ал, осындай инвестициялық форумдар отандық және шетелдік әріптестер арасындағы іскерлік байланыстарды нығайта түсетін жақсы алаң екені даусыз. Мәселен, былтырғы форум аясында біз KIA корпорациясымен жаңа автокөлік зауытын салу туралы келісімге қол қойдық. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сай жүріп жатқанына көзіміз жетті. Бұл зауытты келер жылдың маусым айында іске қосамыз. Нәтижесінде 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаңа зауытта жоғары технологиялы сапалы автокөліктер шығарылады.
Форум аясында қол жеткен табыстар аз емес. Соның бірі – «Полиметалл Евразия» ЖШС-нің өнеркәсіптік холдингімен жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалары. Биыл да металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында тың жобалар ұсынылды. Инвестициялық форум қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1,5 триллион теңгеден асатын келісімдер мен меморандумдар жасалды.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Сергей Трахтенгеберг, Сергей Хаймин