«Kostanay Invest 2024» форумы: іскер әйелдер тренингке қатысты

«Kostanay Invest 2024» инвестициялық форумы аясында жергілікті іскер әйелдер қауымдастығына тренинг ұйымдастырылды.

Шеберлік сағатына елімізге танымал кәсіпкерлер қатысып, жеке брендті қалыптастыру жолдарын айтып берді.

2 күндік форум аясында «Жеке бренд – Динара Сатжанның әдісі» тақырыбында тренинг ұйымдастырылды. Кездесуге жергілікті іскер әйелдер қауымдастығы, саясаткер әйелдер клубы мен кәсіпкерлер қатысып, мол тәжірибе жинақтады.

Динара Сатжан, кәсіпкер:

- Қостанай ауыл шаруашылығынан машина жасау облысына айналып жатыр. Келесі жылы «KIA» зауыты ашылады. Сонымен қатар өңірде игеретін 200 кен орны бар. Ол: кобальт, титан, алтын. Инвесторларға жол ашық.

Кездесу аясында көрме ұйымдастырылды. Онда жергілікті дизайнерлердің киім үлгілері, әшекей бұйымдары мен кәдесыйлары қойылған. Динара Сатжан өз ісін енді бастаған кәсіпкерлерге: «табысқа жету үшін жеке брендті қалыптастыру керек», – деді.

Фариза Сейілхан, Leila Khanym design брендінің негізін қалаушы:

- Мен осындай шаралардың өтуіне өте қуаныштымын. Өзім еліміздің патриоты ретінде Қазақстанда жасалған өнімдерді қолдаймын. Динара Сатжан өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп, бізге жаңа бағдар берді.

Жалпы инвестициялық форумға 500 делегат қатысты. Шара барысында Отандық және шетелдік инвесторлармен 1,5 трлн теңгенің келісімі жасалды.

Роза Горянная, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Форумда спикер болған инвесторлар Қостанай облысында ірі жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл өңірдің экономикалық әлеуметтік дамуына оң ықпал етеді. Біз оларға жан-жақты қолдау білдіреміз.

Қостанай – инвестициялық әлеуметі тартымды облыс. Өңірде 1400 шетелдік компания жұмыс істейді. Оларға экономикалың басқа да бағыттары ашық.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Сергей Трахтенберг.