Агроөнімді өткізу үшін өңіраралық байланысты арттыру қажет
Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары
Тамара Дүйсенованың Қызылорда облысына жұмыс сапары Қазалы ауданында жалғасты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасымен ауданда 68 жоба мақұлданып, 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Шалғай елді мекендердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламаға қатысу үшін тағы 87 қазалылықтан ұсыныс түскен.
Үкімет басшысының орынбасары бастаған топ алдымен «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде көкөніс өсіруді қолға алған Салтанат Ражатованың жылыжайымен танысты. Жыл басында 160 шаршы\метр аумаққа қияр еккен шаруа 60 келі өнім жинап үлгерген. Қазалы ауданында ауыл шаруашылығынан өзге бағытты таңдаған кәсіпкерлер көп. Соның бірі Толқын Бижанова 2 жарым пайыздық жеңілдетілген несиенің арқасында кондитерлік цех ашып, қазір тәтті тағамның 50 шақты түрін әзірлейді.
Толқын Бижанова, кәсіпкер:
- 6 жарым млн тг несие ала тұра оған қажетті құрал-жабдықтар алдым. Миксер, пеш, витриналар және де торт бетіне фото шығаратын және жазылатын аппараттар бар. Соларды алдым. Қазіргі таңда 4 жұмысшыны жұмыспен қамтып отырмын.
Одан әрі вице-премьер «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушы Арал, Қазалы және Қармақшы аудандары кәсіпкерлерінің өнімдері қойылған көрмеге барды. Экологиялық таза агроөнімдерді орталықтандырылған жолмен шаруалардан сатып алып мектеп-интернат, медициналық нысандарды азық-түлікпен қамту тетігін енгізуді құп көретінін айтты.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз өткен жылы «Ауыл аманатын» бастадық. Соған байланысты қазір барлық облыстарды аралап келе жатырмыз. Ең негізгі мәселе мен өзім шалғай ауылдардағы азаматтармен кездесіп жатырмын. Оларға «Ауыл аманаты» жетті ме? жетпеді ме? Соны қарастырдым. Жалпы бүгінгі Қызылорда облысында жасалып жатқан жұмыстарға көңіл толарлық деп айтуға болады. Әрбір аудан өзінің экономикалық мамандануына қарай қаражатты бөліп, азаматтарға жеткізген.
Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарына қарасты ауыл әкімдерімен кездесу барысында вице-премьер Тамара Дүйсенова өндірілген өнімді өткізу нарығын қалыптастыру үшін өңіраралық байланысты нығайтуды тапсырды.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев