Атырауда су айдындарында бақылау күшейтілді

Атырауда биыл 9 адам суға кеткен.

Оның ішінде 4 бала өткен аптада көз жұмды. Осыған байланысты өңірде «Балаларды судан қорғаңыздар!» акциясы басталды. Іс-шара кәмелетке толмаған жасөспірімдерді жазатайым оқиғалардан сақтау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Өңірде соңғы үш жылда 43 адам, оның ішінде 15 бала суға кетіп, көз жұмған. Жаз басталғалы құтқарушылар облыстағы су айдындарында қауіпсіздік шараларын күшейтіп, 8 адамды құтқарды. Қанша ескерткенімен ескертуді елмейді, дейді жауаптылар. Соның салдарынан биыл 9 адам суға кетті.

Әділхан Жұмалиев, жедел құтқару жасағының басшысы:

- Бесікті және Курилкино ауылдық мекендерінде қатарынан 4 жасөспірім суға кеткен болатын. Сондай жағдай қайталанбас үшін ата-аналарға балаларды қараусыз ешқашан қалдырмауға шақырамыз. құтқарушылардың ескертуіне құлақ асып, тыңдауларын сұраймыз. Қазіргі уақытта су келуіне байланысты өте қауіпті. Судың деңгейі әлі бұрынғы арнасына түскен жоқ.

«Балаларды судан қорғаңыздар!» акциясы аясында құтқарушылар су айдындарында рейд жүргізіп, суға батып бара жатқандарды құтқару, сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін көрсетті. Өңірдегі төтенше жағдайға байланысты суға шомылу маусымы әлі ресми ашылған жоқ.

Динара Қарақұлова, жедел құтқару жасағының құтқарушысы:

- Суға батқан адамды жағаға шығарғаннан кейін оны 6 минут ішінде, егер тіршілік белгілері жоқ болса құтқара аламыз. Алғашқы көмек ең бірінші жедел жәрдем шақыру, дәрігерлік көмек. Одан кейін жүрек-өкпеден реанимациясын бастайды, егер тамыр соғысы жоқ болса. Ауа райының қолайсыздығы кезінде, күн қатты салқын, қатты ыссы кезде және алкоголь қолданып, сондай күйде түсуге болмайды.

Қазір өңірде 80-ге жуық құтқарушы 24 аумаққа бөлініп, кезекшілікпен жұмыс істеп жатыр. Суға шомылу ережесін бұзған 30-ға жуық тұрғын жауапкершілікке тартылған.

Асланбек Шығыр, Жандос Рахметуллин