БҚО-да дәстүрлі агрофестиваль өтті

Батыс Қазақстан облысында бүгін дәстүрлі «Агрофест-Батыс» агрофестивалі басталды.

Үш күнге созылатын шара барысында өңір шаруалары ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарынан хабардар болып, білікті мамандардан, сарапшылардан кеңес алмақ.

Осымен үшінші рет өткізілген агрофестивальдің ұйымдастырушысы Армат Бисенов. Қашан да жаңалыққа жаны құштар жас фермер аграрлық саланың соны жетістіктерін, соңғы табыстарын насихаттап жүреді. Шетелде өтетін осындай шараларды көргенде неге өз елімде фермерлердің басын қоспасқа деген ой келді дейді ол.

Армат Бисенов, «Агросервис-Батыс» ЖШС басшысы:

- Бүгін аграрлық салаға қатысты көптеген сауалға жауап алдық. Вице-министр, екі Мәжіліс депутаты, ет одағының төрағасы қатысты. Ниетіміз - әріптестерге көмектесу. Мәселен биыл бұрын бізде болмаған қарақұмық, сорго, соя, қыша, жасымықты егіп жатырмыз. Содан кейін шаруаларға айтамыз қай дақылдан қандай пайда бар екенін.

Биылғы агрофестивальге 5 мыңға жуық шаруа қатысты. Бүгін олар тұқым себетін, егісті суаратын, зиянкестерден қорғайтын жаңа техникаларды көріп, керегін көңілге түйді. Жаңа дақылдарды өсіру жолдарымен танысты. Ертең асыл тұқымды малдардың көрме-байқауы өтпек.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бар, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласын дамыту. Осыған қатысты біз бұрынғыдай ескі технологиямен жүре беретін болсақ, жақсы өнім ала алмаймыз, көз жеткізіп отырмыз. Ғалымдарды тарта отырып, ғылым мен практиканы ұштастыру керек. Осыны біз шаруашылықтарға айтып жатырмыз, жаңа технологияны пайдаланатын болсақ, осы арқылы жақсы өнімге жетесіздер деп. 

Фестивальдің әр күні түрлі тақырыпты қамтиды. Осы үш күнде шаруалар жерді өңдеу мен мал өсірудің тың технологияларын үйреніп, білікті сарапшылар мен ғалымдардан кеңес алмақ.

Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов