Балқашта туризм фестивалі өтіп жатыр

BALKHASH TOUR FEST 2024.

Осындай атаумен Балқаш көлі жағалауында туристік фестиваль өтуде. Өлкеде туризмді дамытуға бағытталған жоспарлы жұмыстар пысықталатын шара екі күнге ұласады. Соңғы жылдары көкше көлдерінің аумағында демалыс орындары көптеп салынып, қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді.

Фестиваль Балқаш жолбарысын сахнаға салтанатты түрде шығарумен ашылды. Ертеде осы өлкені мекен етіп жойылып кеткен түз тағысы биылғы шараның басты символы етіп таңдалған. Ауқымды шара аясында көкше көлдің жағалауында туризм кластерін дамыту мәселелері талқыланып, жеткен жетістіктер ортаға салынады. Демалушыларға көрсетілетін қызмет сапасы жақсаруына байланысты соңғы үш жылда мұнда келушілер саны көбейді,-дейді Спорт және туризм вице-минситрі Ержан Еркінбаев. 

Ержан Еркінбаев, ҚР Спорт және туризм вице-министрі:

- Жылдан жылға Балқаш туризм саласында өте жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр туризмде. Салаға инвсетиция тарту 2 есеге өскен. Өткен жылғы келген туристердің саны 362 мың болған. 2022 жылмен салыстырғанда ол 60 мыңға көп. 

Екі күнге ұласатын фестивальға 30 мыңдай адам қатысады деген болжам жасалған. Жиналған жұрт эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен үлкен концертті және түрлі көрмелерді тамашалайды. Бұған қоса жергілікті кәсіпкерлердің отандық өнімдерінің жәрмеңкесін аралайды. Бұл күндері қуыршақ театры, кинозал қызмет көрсетеді. Ал балаларға ойын алаңдары ұйымдастырылған. Жастар түрлі спорттық сайыстарда бақ сынауда. Фестивальда табиғатты аялау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Көпшілікті ынталаныру мақсатында шашылған пластик бөтелкелерді жинап тапсырғандарға балмұздақ тегін үлестірілді. 

БЛИЦ

- Биыл ауқымды ұйымдастырылған. Былтырғы жоба да жақсы болған. Биыл одан да күштірек өтуде. Жастарды спортқа тарту мақсатында қаншама спорттық шаралар ұйымдастырылған.

- Бұл жерде балқаштық кәсіпкерлердің көптеген тауарлары қойылған. Біздің балықтар, біздің квас. Сонымен қатар үлкен концерт өтуде. Бұл жерде әр түрлі жұлдыздар жүр. Біз үшін, балқаштықтар үшін үлкен оқиға. 

Бүгінде Балқашта туризм бағытында жұмыс істейтін 57 кәсіпкерлік нысан бар. Салаға ынталы азаматтар демалыс орындарын ашу үшін жағалаудан қолайлы деген 120 гектар жер бөлінген. Осындай ауқымды жоспарлы жұмыстар фестиваль барысында талқыланып, кәсіпкерлерге түсіндірілетін болады.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар