Қызылордада сұйытылған газ тапшы
Көлік жүргізушілері бекеттерде сағаттап кезек күтуге мәжбүр.
Кейбір автогаз таратушы операторлар шектеулі көлемде ғана сатып жатыр. Сергелдеңге түскен тұрғындар: «сұйық отын мәселесі тез арада шешілсе», – дейді.
Қазір республика көлемінде сұйық отынның мөлшері қажетті көлемнен 25%-ке аз. Мамандар оны газ тұтынатын көліктер санының көбеюімен байланыстырады.
Сауалнама:
- Түнгі 12-1 болсын, уақытылы алып жатырмыз. Бірақ біз үлкен жүк көлігі болғаннан кейін газге тәуелдіміз. Таксиің де, жүк тасуың да, тасымалдауың – барлығы газге байланысты болып қалды.
- Бар уақытымыз осыны күтумен кетеді. Күн көріп отырғанымыз такси болғаннан кейін. Газды уақытылы беріп тұрса, талон қылмай, лимит қылмай, жақсы болатын еді.
Аймаққа айына 9 мың тонна автогаз қажет болса, соның тек 7500 тоннасы жеткізіліп отыр. «Дегенмен түйткілдің түйіні тарқатылатын күн жақын», – дейді жауаптылар.
Ардақ Зебешев, облыс әкімінің орынбасары:
- Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бірнеше министрлікпен тиісті жұмыс жүргізілген болатын. Қазіргі таңда бізге қосымша 570 тонна бөлінейін деп отыр. Осы газдың арқасында және бізде өзіміздің алынбаған қалдық газдың көлемі 1,5 мың тонна болып тұр. Оның барлығы кестеге сәйкес операторлар газ құю бекеттеріне жеткізетін болады.
Қазір өңірде сұйытылған газ бағасы 70-75 теңге көлемінде.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.