Oceanman Kazakhstan халықаралық жарысына 2600-ден аса адам қатысты

Қонаев қаласында дәстүрге айналған Oceanman Kazakhstan халықаралық жарысы өтті, деп хабарлайды 24kz.

Ашық судағы жүзу сайысына әлемнің 17 елінен рекордтық көлемде 2600-ден астам қатысушы тіркелді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Дубайдағы әлем біріншілігіне жолдама алады.

Oceanman – әлемдік спорттық қозғалыс, яғни, Ironman аналогының бір түрі. Тарихы 2015 жылдан бастау алатын сайыс осымен үшінші рет Қапшағай су қоймасында өтіп жатыр. Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Аймақ басшысы  халықаралық жарыстың өңірдегі туризмнің дамуына сүбелі үлесі бар екенін атап өтті.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

- Сырттан келген қонақтарымыз, спортшыларымыз 10%-тен бүгінгі күні асып кетті. Бұл – өте қуанатын жағдай. Бұл бек бұқаралық спорт салиқалы өмір салтын насихаттау ғана емес, бұл Алматы облысындағы туризмді тартудың бір себебі боп келеді.

Спортшылар түрлі қашықтыққа жүзіп, екі күн бойы бақ сынады. Ең қысқа қашықтық 800 метр болса, ең ұзағы 10 шақырымға тең.  «Oceanman Kazakhstan-ның ерекшелігі – мұнда жас айырмашылығына шектеу жоқ. Түрлі физикалық дайындықтан өтіп, спортқа деген құлшынысы болса жеткілікті», - дейді Оceanmаn франшизаның иесі Фермин Эгидо.

Фермин Эгидо, Oceanmаn франшизаның иесі:

- Мұндай әуесқойлармен қатар кәсіби спортшылар да бар. Жарысты Қазақстанда осымен үшінші рет өткізіп жатырмыз. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Облыс әкімідігіне және демеушілерге айтар алғысым шексіз.

Жарыс кезінде қауіпсіздікке баса назар аударылды. 24 жүзу көлігі мен 6 үлкен қайық жұмылдырылды. Өз қашықтығында жеңімпаз және жүлдегер атанғандар Дубайға аттанады. Дүниежүзілік финал күзде өтеді жоспарланған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Аманжол Жөңкешов