Қостанай облысында «Jańa Dala / Green Day' 2024» ауылшаруашылық көрмесі басталды

Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Қостанайда бас қосты.

Мұнда агробизнес саласындағы «Jańa Dala немесе Green Day 2024» деп аталатын ең ірі көрме басталды. Ашық аспан астындағы шарада ауыл шаруашылығында қолданылып жүрген жаңа техникалар мен озық технологиялар таныстырылды. Жергілікті ауа райына бейім мал мен өсімдіктің асыл тұқымын іріктеу жайында шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

«Жаңа дала» көрмесінде шаруалар үшін жаңалық көп. Мәселен, астық тұқымын іріктейтін селекционерлер бүгін арпа мен бидай тұқымының 69 түрін таныстырды. Барлығы да жергілікті климатқа бейімделген және жоғары өнім береді. 

Владимир Чудинов, "Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе станциясы" ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:

- Жаңа тұқымдар туралы айтатын болсақ, "Кудесница" бидай сорты бар. Қазір мемлекеттік сынақтан өтіп жатыр. Генетикасы сәл өзгеше. Тұқымында бидай және соған ұқсас  жабайы дақылдың үлесі бар. Сондықтан ол ауруға, жәндіктерге және құрғақшылық немесе тым ыстыққа төзімдірек келеді. Әрі өнімділігі де жоғары болады. 

Көрмеде өнімділікті арттыруға сеп болатын техниканың да түр-түрі бар. Отандық және шетелдік ауылшаруашылық техникасын өндірушілер жергілікті шаруаларға өз өнімін ұсынды. 

Динара Шөкежанова, "Agromash" зауытының президенті:

- Биыл шаруалар үшін 5%-бен яғни жеңілдетілген бағдарлама іске қосылды. Бұл әрине салаға үлкен серпін берді. Қазір зауыт демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Осы жылы Қостанай зауытында жасалған 1300-ге жуық трактор мен 400-ге жуық комбайн сатамыз деген жоспарымыз бар.

Биыл қостанайлық шаруаларды қолдауға мемлекет бюджетінен 175 миллиард теңге бөлінді. Қаржы дәнді сеуіп, шашау шығармай жинауға және ауылшаруашылық техникасын жаңалау бағыттарына жұмсалады. 

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің алдына нақты міндет қойды. Яғни 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін екі есеге көбейту қажет. Жерді тиімді игеріп, өнімділікті арттыру үшін егісті әрттараптандыруға мән беріп, жан-жақты зерттелген нақты шешімдер қабылдауымыз керек. Дәнді-бұршақты дақылдарда, майлы дақылдарда ауыспалы егіс жүйесін белсенді қолдану қажет.

Дақылдың бірнеше түрін егетін шаруалардың айтуынша, әртараптандырудың тиімдігі жоғары. Себебі бидай арзан болса майлы дақыл қымбат немесе керісінше. Бірін бірі жауып отырады. 

Александр Бородин, "Зуевка" ЖШС басшысы:

- Біз 3 мың гектарға зығыр себеміз. Өнімді экспорттаймыз. Пайдасы жақсы. Бидай арзандап кеткеннің өзінде зығырдың пайдасымен біраз шығынымызды жабамыз. Мәселен, қазір зығырдың тоннасына 220 мың теңге ұсынып тұр. Егер Еуропаға жөнелтетін болсам тоннасы 240-250 мың болады. 

Көрмеге жиналған шаруалар шикізатты қалдықсыз өңдеу тәсілдерін де талқылады. Осы бағытты жетілдіру үшін қзаір өңірге ірі инвесторлар тартылып жатыр. Солардың көмегімен алдағы уақытта өңірде бидай мен бұршақты өңдейтін зауыттар салынбақ.