Шымкентте жылыту маусымына дайындық пысықталды
Сала мамандары ақауы бар газ жүйелерін жөндеп, тозығы жеткен құбырларды жаңартып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Жұмыс барысын аймаққа барған «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы бақылауға алып, жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жобаларды тексерді.
Қала аумағы 96% табиғи газбен қамтылған. Барлығы 236 мың абоненттің сұранысы бойынша сағатына 370 мың текше метр газ беріледі. Жыл соңына дейін тағы жеті шағын ауданды газдандыру жоспарланған. Мұндай ауқымды жұмыстар мен алдағы жылыту маусымына дайындықты «QazaqGaz» компаниясының басшысы қадағалауға алды.
Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Тұтыну көлемі жақын арада 500 мыңға жетеді. Сондықтан сол мүмкіндікті беру үшін мұның максималды проектік деңгейіне жетуге жөндеу жұмыстарын жасау керек. Бірінші қыркүйекке дейін барлық жұмыстарды бітіреміз.
Саланы цифрландырудың арқасында газ тұтыну көлемін қашықтан анықтауға мүмкіндік туды. Сонымен қатар алдағы жылыту маусымында газ қысымының тұрақтылығы үшін әр үйдің жабдықтары тексеруден өткізіліп жатыр.
Талғат Дүйсенов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент өндірістік филиаланың жұмысшысы:
- Жылыту маусымына алдын ала осыны тазалаймыз. Ішіндегі шаңды тазалаймыз бірінші. Одан кейін утечка шықпау керек.
«QazaqGaz Aimaq» компаниясы инвестициялық бағдарлама аясында өткен ғасырда салынған 4 бірдей газ тарату бекетін заманауи жалғыз стансамен алмастырды. Енді ішкі желілердің газ қысымын реттеу анағұрлым жеңілдейді. Биыл ауқымды жұмыстың үшінші кезеңінде 76 шақырымдай құбыр ауыстырылды.
Ермек Қалдығұлов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент өндірістік филиаланың директоры:
- Газ құбырлары қазіргі таңда қолданыстағы заманауи полиэтилен құбырларына ауыстырылуда. Тозудан, шіруден жақсы және оның эксплутациялық мерзімі әлдеқайда ұзақ.
Қазіргі таңда «QazaqGaz Aimaq» компаниясының Шымкент бойынша жылыту маусымына дайындығы 72%-ті құрады. «Қыркүйек айына дейін газ құбырлары толық аспаптық тексеруден өткізіліп, ақауларды жөндеу түгел аяқталады», - дейді газ мамандары.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов