Ақмола облысында егін орағына дайындық басталды

Ақмолалық диқандар биыл егін орағын жылдағыдан сәл ерте бастайды.

Сол үшін қазір шаруалар маңызды науқанға қызу дайындық үстінде. Мәселен, осы жылы аймақта 5,4 млн гектар аумақта жиын-терім жұмыстары жүргізіледі. Ал оған деген әзірлік қандай?

Биыл аграрлы аймақтағы астықтың сапасы жақсы. Өнімділігі де жылдағыдан жоғары болады деп болжанады. Тек соны уақытында жауын-шашынға қалдырмай жинап алу маңызды. Өңір диқандарымен кездескен аймақ басшысы осындай міндет жүктеді.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

- Биыл, көріп отырсыздар, егін жақсы шығып келеді. Енді осының бәрін дер кезінде дұрыс ұйымдастырудың арқасында, дұрыс қаржыландырудың арқасында астықты жинап, қоймаға салу – сол мақсатымыз. Енді былтыр жаздай құрғақшылық болып, күзде нөсер жауындар болып, өзінің кері әсерін тигізді. Сондықтан биыл сондай бір жақсы үмітпен күтіп отырмыз.

Жалпы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына осы жылы 113 млрд теңге бөлінді. Соның 46 миллиардтан астамы – қайтарымсыз субсидия. Сондай-ақ шаруаларды жанармаймен қамтамасыз ету үшін Үкіметтен 83 мың тонна арзандатылған дизель отыны да қарастырылып отыр.

Абай Жорабек, «Заречный» ЖШС басшысының орынбасары:

- Бүгінгі күні егінге дайындық жақсы жүріп жатыр. Қазіргі кезде шөп науқаны жалғасып жатыр. Одан кейін Үкіметтің арқасында берілген тыңайтқышты да сеуіп жатырмыз. Шөп науқанына бөлінген жанар-жағармайды алып, қазіргі күні «уборкаға» жанар-жағармайға өтінім беріп қойдық.

Диқандар мемлекеттік қолдаудың көмегімен техникалық базаларын да жаңартқан. Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 100 млрд теңге бөлінді. Жыл басынан бері шаруалар өнімділігі жоғары, заманауи 630 техника сатып алды.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.