Алматы облысында 9 мыңға жуық адам тазалық шарасына қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына Алматы облысы да белсенді атсалысып жатыр.

Әр ауданда түрлі тазалық шаралары өтіп, жағажайлар, қоғамдық орындар, саябақтар мен скверлер тазартылды. Жалпы шара басталғалы 243 тоннадан астам қоқыс шығарылған.

Бүгін Іле ауданының белсенділері Ақсай ауылына жиналды. Мақсат – ауыл шетіндегі көлге апарар жолды тазарту. Игі шараға «Алатау жастары», «Жасыл ел» бірлестіктерінің белсенділері, мәслихат депутаттары, споршылар мен ауыл тұрғындары қатысты. Бұл – табиғатқа қамқорлық әрі тұрғындар үшін қолайлы орта жасауға бағытталған қадам.

Сора Рахмонова, қоян-қолтық ұрыстан үш дүркін әлем чемпионы:

- Біз елімізді сүюді жерде жатқан қоқысты жинаудан бастауымыз керек. Әркім өзінің ауласын тазартса, өзінің ауылын тазартса, тұтас еліміз таза болады. Сондықтан да мен «Таза Қазақстан» акциясын қолдаймын және сіздерді осы игі шараға шақырамын.

«Таза Қазақстан» акциясы облыстың барлық аудан, ауылдарында қолдау тапты. «Мұндай белсенділік экологияны жақсартуға ғана емес, сонымен қатар азаматтардың қоршаған ортаны сақтау жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді», – дейді шараға қатысушылар.

Нұрсұлтан Орынбасаров, облыстық мәслихат депутаты:

- Қазір жастар әр сенбі сайын осындай акцияларға қатысып жатырмыз. Қазір, өздеріңіз жақсы білесіздер, көлге баратын уақыт, жазғы кез. Осыған орай «Таза жағажай» атты акция ұйымдастырып, қазір енді көптеген туристер келіп жатыр ғой, Қонаев қаласындағы барлық жағажайдың бойындағы бүкіл қоқысты жинадық.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Алматы облысында 9 мыңға жуық адам тазалық шарасына қатысып, саябақ пен скверлер, тарихи-мәдени ескерткіштер, өзен жағасы мен арықтар тазаланып, 243 тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов.