Алға қаласы маңындағы айналма жол қолданысқа берілді
Құрылысы жүріп жатқан «Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы» республикалық дәлізінің тағы бір бөлігі қолданысқа берілді.
Алға қаласы маңындағы айналма жол енді көлік жүргізушілер үшін ашық. Әзірге екі жолағы ғана салынып бітті. Жыл соңына дейін тағы екеуі пайдалануға беріліп, ауқымды жоба толығымен аяқталады.
Бұл бағытты жөндеу жұмыстары 3 жыл бұрын басталды. Ақтөбе мен Атырауды байланыстыратын жолдың Қандыағаш қаласына дейінгі бөлігі төрт жолақты, яғни бірінші санатты болуы тиіс. Жобаның жоспарында бекітілген ең күрделі жол айрығы Алға қаласының тұсында. Себебі ұзындығы 16 шақырым айналма жол бойында бірнеше көпір мен өткел бар.
Айбол Данағұл, «ҚазАвтоЖол» ҰК ОФ директоры:
- Барлық конструкциясы толығымен біткен. Жоғарғы қабаты, қиыршықтасы, мастикалық бетонқабаты салынған. Темір қалқандары, қоршаулары да бітті. Осьтік таңба, жол жолағы да салынды және тиісті органдармен келісім жасалып, осы жолды қазіргі таңда барлық көлік түріне ашып жатырмыз.
Бұл жолмен қазір тәулігіне 8 мыңға жуық көлік өтеді. Мамандар құрылыс толықтай тәмәм болған соң 10 мыңнан асады деп болжап отыр. Себебі айналма жолдар транзиттік автомобиль легіне еш кедергісіз, шағын елді мекендерге тоқталмай жүріп өтуіне жағдай жасайды.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Төрт жолақты, бірінші категориялы өте маңызды жоба біз үшін. Себебі мына біздің өңіріміздің экономикасына жақсы әсер береді деп сенеміз. Себебі тәулігіне бірнеше тауар айналымына байланысты жүк тасымалдау көліктері жүреді.
Ақтөбе облысында биыл 568 шақырым жолға асфальт төселеді. Бұл мақсатта бюджеттен 66 млрд теңге қаржы бөлінген. Республикалық маңызы бар тағы бір бағыт – «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ұлғайсын» дәлізі. Тозығы жеткен жолға күрделі жөндеу жұмыстары да биыл басталып отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.