«Jumys Tap» жобасына 900-ден астам тұрғын өтініш білдірген
Қарағандылықтар жедел курстарда мамандық түрлерін тегін оқып жүр. Облыста 1 тамыздан бастап «Jumys Tap» жобасы аясында оқыту басталды.
Қысқамерзімді курстар Қарағанды және Теміртау колледждерінде ұйымдастырылған.
Дәнекерлеуші, сылақшы, тігінші және шаштараз. Бұлардың барлығы да – қоғам тұрмысымен біте қайнасқан сұранысқа ие мамандықтар. Меңгерген адам кез келген уақытта өзіне жұмыс таба алады. Қала тұрғыны Күлпәш Махметова қазір емханада жұмыс істейді. Қосымша мамандық алу мақсатымен оқуға келген. Қазір іс тігудің қыр-сырын меңгеріп жүр.
Күлпәш Махметова, қала тұрғыны:
- Әйел адамға тағы да қосымша керек нәрсе деп ойлаймын. Бір жұмыста жүріп қалмаймыз ғой. Ертең басқа жұмыс табылар дегендей. Әрине, бұл қазіргі заманда қажет. Қаншама жұмыс таба алмай жүрген, өз жұмысын ауыстырғысы келетіндер бар.
Қысқамерзімді курстар Қарағанды мен Теміртау қалаларындағы 7 колледжде өтіп жатыр. Жобаға кез келген зейнет жасына дейінгі адам қатыса алады. Еңбек мобильділігі орталығы мамандары қоғам арасында арнайы зерттеу жүргізіп, сұранысқа ие 48 мамандықты анықтаған. «Jumys Tap» жобасына қатысушылар соның ішінен өзіне қажетін таңдап алады.
Нұржан Сыздықов, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
- Өткізіліп жатқан қысқамерзімді оқулар 5 күннен 30 күнге дейін жалғасады. Әр адам бұл жерде оқи алады. Зейнеткерлікке дейін оқығысы келетін, жұмыс істеп жүргенімен, мамандығын өзгерткісі келетін адамдар әртүрлі мамандық бойынша өздері оқи алады. Бос уақытында барып оқып, мемлекеттік сертификатын алып, өзіне жұмыс істейді.
«Jumys Tap» жобасы өңірдегі қала мен аудандарда қарқынды жүріп жатыр. Оқыту курстары басталғалы 900-ден астам тұрғын мамандық меңгеруге өтініш білдірген.
Авторлары: Руслан Нұралнұлы, Сайлау Игіліков.