Жетісу облысында «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды
Үлгілі өнегелі әулеттерді анықтап, мерейін үстем ететін шараға биыл 400-ден аса отбасы қатысты, деп хабарлайды 24kz.
Іріктеу нәтижесінде үздік деп танылған әулеттер Талдықорғанда бірнеше аталым бойынша марапатталды.
Ұлттық құндылықтарды насихаттайтын байқауға 30 отбасы қатысты. Аудан-қалалардағы іріктеу кезеңінен іркілмей өткен әулеттер көпшіліктің құрмет қошеметіне бөлінді. Жиналғандарға құтты болсын айтқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев отбасының қоғамдағы маңыздылығын атап өтті.
Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:
-Халқымыз қашанда отбасы қоғамның бір бөлшегі деп білген. Атаны асқар тауға ,ананы мөлдір бұлаққа, баланы жасыл құраққа теңеп, отбасындағы сенім мен жауапкершілік құрмет сезімеріне айрықша мән берген.
Байқауда «Ғалымдар отбасы», «Қазыналы отбасы», «Күміс шаңырақ», «Белсенді отбасы» және «Іскер отбасы» аталымдары бойынша үздіктер марапатталды. Тағы бес әулет ынталандыру сыйлығына ие болды. Үшінші орын Қасеновтар мен Тұрлықұловтарға бұйырды. Екінші орынға Смағұловтар мен Үзембаевтар лайық деп танылды.
Мәриям Ибрагимова, «Мерейлі отбасы» байқауының екінші орын иегері:
-Үлкен мешіт салып, оның жанына хатымхана салып, жетім-жесірлердің үйін ремонттан өткізіп беріп жатқан бізден көргенді балалар жалғастырып жатыр.
Ал бірінші орын Алакөл ауданында тұратын Әлекеевтер отбасына берілді. Ауыл шаруашылығында еңбек ететін әулеттің ұйытқысы, 11 құрсақ көтерген Рабиға Жұмабайқызы.
Рабиға Жұмабайқызы, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:
- 40-қа жақын немерем бар 38 шөберем бар. Қазір өзім 80-ге келіп қалдым. Біздің кезінде қызылша болған, мал шаруашылығы болған. Соның бәріне қатысқам. Өмірімді айтсам, бір кітап жазар едім. Жазушы қолдан келмеді. Бірақ өнегемді бала-шағама айтып жатырмын.
Байқауда марапат төрінен көрінген отбасыларға қаржылай сыйақы берілді. Ал жеңімпаз әулет қыркүйекте Астанада өтетін республикалық байқауға қатысады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев