Оралдағы шағын ауданда 180 түп ағаш егілді

Сәуір айынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында Батыс Қазақстан облысында 48 мың түп ағаш егілді.

Облыс орталығында 5 мың тал-терек егілсе, бүгін жаңа шағын ауданда, тағы 180 көшет отырғызылды. Бұл жолғы шараның ерекшелігі ағаш егуге қажетті қаржыны тұрғындардың өздері жинап, бастама көтерді.

Дастан Нұрғалиев- қоғам белсендісі. Ол жуырда көшет егіп, экологияға үлес қосайық деп бастама көтеріпті. Қарапайым қала тұрғындарының күшімен 3 миллион теңге жиналып, көшеттер сатып алыпты.

Дастан Нұрғалиев, қала тұрғыны:

- Бастамашыл топта 25 адам бармыз. 100 түп қайың және 80 түп қандыағаш көшетін сатып алдық. Әкімдікпен келістік, олар күзге дейін әр екі апта сайын суарып тұрады. Әрі қарай өздері алып кетеді деген ойдамыз.

Жасыл желек қорын көбейтейік деген табиғат жанашырлары бүгін 10 ықшамауданға жиналды. Көбі бала-шағасын ерте келіпті.

Асылжан Ерғосаева, қала тұрғыны:

- Балалардың бәрімен келген мақсатымыз бірлікте екенін, бар адам біріксе бір істің болатынын, алға жүруге болатынын соны көрсету. Алдағы уақытта бұл ағаштарға өзіміз келіп қарауға болады деп айтты. Соны балаларға көрсетіп, сенің ағаштарың бар, келіп қараңдар деп алып келдік.

Тұрғындардың бастамасы өңір басшылығынан да қолдау тапты. Ағаш егу шарасына қатысқан облыс әкімі туған жерді түлету әр азаматтың міндеті екенін атап өтті.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын Мемлекет басшысы жариялаған болатын. Ол экологиялық акция аясында ағаш егу біз үшін маңызды. 10 шағын аудан жаңадан салынып жатқан шағын аудан болғандықтан бұл жақта әлі де абаттандыру жұмыстары өте көп жүруі керек. Сондықтан кәсіпкерлер алдында қала тазалығына асa көңіл бөлу керегіне назар аударып жатырмыз.

Сәуір айынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде 48 мың көшет егіліп, 52 мың тонна күл-қоқыс шығарылған.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов