Ақтауда сүңгуірлер теңіздің түбінен қоқыс жинады
Ақтау халқы да жаппай сенбілікке шықты.
Таңсәріден қала тұрғындары жағажайға жиналып, бес шақырымға жуық жерді қоқыстан тазартты. «Таза жағалау» атты сенбілікке жастар, аға буын өкілдері мен түрлі сала қызметкерлері белсене қатысты. Көпшілік коммуналдық мекеме жұмысшыларына көмекке жұмылып, күн ысығанша Каспий жағалауынан бірнеше тонна қоқыс шығарды.
Таңсәріде қала жағажайына екі мыңдай адам келді. Сенбілік туралы хабарлама бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған. Көпшілік арасында көп балалы жанұялар да бар. 7 перзент тәрбиелеп отырған Гүлфариза Сыдиыққызы маңғыстаулықтарды табиғатты таза ұстауға шақырады.
Гүлфариза Сыдыққызы, көп балалы ана:
Қала жағажайына көп адамдар келіп демалады. Демалғаннан кейін көбі артына қоқыстарын тастап кетеді. Сол қоқысты тастамауға, қаламыздың тазалығын сақтауға осы Ақтау тұрғындарын шақырғым келеді.
Сенбілікке келген халық қоқыс салатын қап, күрек, тырма секілді еңбек құралдарымен толық қамтамасыз етілді. Экоакция бағдарламасында Каспий жағалауы бірнеше учаскеге бөлінген. Ұйымдастырушылар әр мекеме-кәсіпорын ұжымының іс-әрекетін үйлестіріп тұр. Жағалаудағы сәулет мүсіндері қайта сырланып, қураған қамыс орылды. Ақтау көшелеріне жерасты суы себіліп, тазартылды.
Әуесқой сүңгуірлер сенбіліктен қалыс қалған жоқ. Бүгін дайверлер қолға суасты аңшылық құралы орнына полиэтилен қапшық ұстап, теңізге сүңгіді.
Жәнібек Ғазизов, сүңгуір:
- Судың тереңдігі бес метрден басталады. Теңіз түбінен шыны және пластик бөтелке, консерві құтылар жиі табылады. Каспийдің суы мөлдір, тұрмыстық қалдықтар алыстан көзге түседі.
Дала сахнасында өнерпаздар ән салып, сенбілікке қатысқан көпшіліктің көңілін көтерді. Жағажайда спортсүйер тұрғындар гір тасын көтеріп, ләңгі тебуден сайысқа түсті. Жергілікті ауылшаруашылығы өнімдері қойылған жәрмеңке өтті. Осылайша, кезекті рет ұйымдастырылған сенбілік соңы мерекеге ұласты.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев