Оралда Абай мұрасы ардақталды
Қазақтың ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні Орал өңірінде де ерекше аталып өтті.
Өңір басшысы Нариман Төреғалиев зиялы қауым өкілдерімен бірге ойшылдың ескерткішіне гүл қойса, Ақжайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгереева айтулы күнге орай жас ақындармен кездесті.
Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбаевтың артына қалдырған әдеби мұрасы бар қазаққа, адамзатқа ортақ. Ақынның туындылары қанша ғасыр өтсе де өміршең. Бүгін батысқазақстандық зиялы қауым өкілдері, әдебиет сүйер қауым Абай атындағы орталық алаңға жиналып, ақын ескерткішіне гүл қойды, ақын өлеңдерін, қарасөздерін жатқа оқыды.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Тағзым етуге ескертіш басына гүл шоғын қоюға келіп отырмыз. Енді ұлы Абай атамыз туралы Мемлекет басшысы да айтып кеткен, толық адам консепциясын біз әлі толық зерттеп болған жоқпыз. Жастарымызға, балаларымызға айтарымыз, Абай атамыздың кітаптарын көбірек оқу керек.
Бас ақынның шығармашылығын жас ақындар қалай түсінеді? Қадыр орталығының ұйымдастыруымен өткен «Адамзаттың алыбы» атты кеште ақын Ақұштап Бақтыгереева жас қаламгерлермен кездесіп, осы тақырыпта ой толғады.
Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Абай оқыған сайын тереңдей түседі, Абай жақындаған сайын алыстай түседі, Абай биік бізге жұмбақ жұлдыз. Ол солай қала береді ғасырлар бойы. Бірақ біз өкінішке қарай Абайды әлемдік биіктікке көтере алмадық. Енді әлі де үмітіміз жастарда. Оқиды, тыныштығы болса өседі, Абайды әлі де бүтін адамзаттың ойшылдарының қатарына, кез келген ұлт оқитын дәрежеге апарады деген үміт. Бұл-болашаққа сеніміміз. Өйткені біз қазір әлем тілін меңгерген жас ұрпақты өсіріп жатырмыз.
Абай күні Жұбан Молдағалиев және Хамза Есенжанов атындағы кітапханаларды өткен өзге де әдеби шаралармен айшықталды.
Е. Жылқайдарұлы, Б.жарылғасов, Е. Меңдіғалиев