Ақтөбеліктер Абай күнін атап өтті
Ақтөбе облысында 4 кітапхана қоры қайта басылған «Абай жолы» туындысымен толықты.
Сондай-а ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты кітаптар ауыл-аймақтарға таратылып жатыр. Бұл туралы бүгін Абай күніне арналған іс-шарада айтылды. Ақтөбеліктер ойшылдың ескерткішінің жанына жиналып, мерекені атап өтті.
Абай күні мерекесіне зиялы қауым өкілдері мен қарапайым тұрғындар жиналды. Шара барысында ұлы тұлғаның өмір сүрген кезеңі, ой-толғауы қойылым арқылы сахналанса, жастар өлеңдері мен қара сөздерін оқыды. Абай шығармаларын зертеуші ғалымдар оның туындылары кез-келген ұрпақ үшін құндылығын жоймайды дейді.
Жолдас Батырхан, облыс әкімінің орынбасары:
- Интеллектуалды ұлт болуға әрдайым шақырып келген асқар тауымыз. Ендеше осы күнді қазақтың әр ұланы, Абайдан мен қаншалықты ұлағат алдым деп, есеп беретін күн деп санауымыз қажет секілді.
Алтай Тайжанов, философия ғылымдарының докторы, профессор:
- Абай бізге білімді болуды үндеді, намысты болуды, басқа елмен, халықтармен тереземіздің тең болуын. Міне қазіргі жаһандану заманында бұл аса қажет. Ендеше Абайды оқу қажеттілік.
Өңірде ұлы ағартушының шығармаларына сұраныс артқан. Тіпті оған қатысты жарық көрген ғылыми еңбектерді де іздеушілер баршылық. Ал қайта басылған «Абай жолы» туындысы қазір елді мекендерге де жіберіліп жатыр.
Алтынай Юнисова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:
- Абай шығармалары жылдан жылға құнарланып келеді. "Абай жолы" кітабы былтыр қайта басылып шығып, биыл облыстың 4 облыстық кітапханаға таратылды. Сұраныс әлі бар. Жалпы Абайға арналған кештер мерекелік шаралар ол жыл бойы жалғасын таба береді.
Мереке облыс орталығында екі күн бойы жалғасты. Оның ішінде Абай оқуларынан өткен сайыс пен концерттік бағдарламаға ниет білдірген кез-келген адам қатысты.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев