Павлодарда мұнайшылар спартакиадасының финалдық кезеңі өтіп жатыр

Павлодарда «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы арасындағы спартакиаданың финалдық ойындары басталды.

Спорттық додаға дәстүрлі және ұлттық спорт түрлері бойынша іріктеу кезеңінен өткен жеңімпаздар қатысып жатыр. Жүлделі орынға ие болған командалар алдағы жарыстарға жолдама алады. Бұл жолғы спорт сайысы Қазақстанда мұнай-газ саласының 125 жылдығы мен қазақтың тұңғыш академигі, мұнай геологиясы мен геофизикасының қалыптасуына бастамашы болған Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған.

Павлодардағы жекпе-жек сарайының «Бірлік» аренасы «ҚазМұнайГаздың» ең мықты спортшыларын қарсы алды. Командалар дәстүрлі және ұлттық спорт түрлері бойынша сынға түседі.

Әлимұхаммед Құттұмұрат-ұлы, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аппарат басшысы:

- Биылғы спартакиаданың ерекшелігі, Қазақстан мұнайының 125 жылдығына арнайы өткізіліп отыр. Спорттық додаға өздерін сынауға келген 600-ден астам спортшы бар, олар спорттың 11 түрінен сайысқа қатысады. Мына қатысып отырған әріптестеріме, жас спортшыларға сәттілік тілейміз.

Финалдық ойындар Павлодардың 9 спорт кешенінде өтіп жатыр. Жарысқа «ҚазМұнайГаз» тобының 27 командасы қатысып отыр.

Қалиолла Бегенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ спорт кешенінің бас нұсқаушысы:

- Бізде мынау «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының финалдық этап спартакиадасы, жыл сайын іріктеу жарыстары өтеді. Биыл, міне, бізде Павлодар қаласында өтіп жатыр. Спортшылардың дәрежесі өте жоғары деңгейде. Жыл сайын осы спартакиаданы өткіземіз. Былай қарағанда нәтижелері өте жақсы.

Ұлттық компания спартакиада арқылы салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортты белсенді насихаттап келеді. Соңғы уақытта ұлттық спорт түрлеріне айрықша көңіл бөлініп отыр.

Жарыс жеңімпаздары «Самұрық-Қазына» спартакиадасына жолдама алады. Бірнеше жыл қатарынан «ҚазМұнайГаз» спортшылары жеңіс тұғырын бермей келеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков.