Маңғыстау облысында жастарға арналған коворкинг орталығы ашылды
Маңғыстау облысында ауыл жастарын қолдау мақсатында коворкинг орталықтары салынып жатыр.
Соның бірі Жетібай елді мекенінде қолданысқа берілді. Мұнда белсенді жастардың танымдық әрі шығармашылық қабілетін дамытуына барлық жағдай жасалған. Биыл Құрық ауылында да коворкинг орталығын ашу жоспарда. Екіқабатты ғимарат құрылысы аяқталуға жақын.
Жетібай – Қарақия ауданындағы ірі елді мекен. Ауданда жастар саны 11 мыңнан асады десек, басым бөлігі осы ауылда тұрады. Коворкинг орталығын олар көптен күтті. Енді оқудан немесе жұмыстан тыс уақытта осында жиналады. Жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалармен танысып, ой-ұсынысымен бөліседі. Бір-бірімен пікір алмасады.
Әлібек Оразбекұлы, Қарақия аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы:
- Жастар ресурстық орталығында 3 маманмен қамтылады деп ойлаймыз. Сондай-ақ бұл жерде тек қана жастар орталығы емес, ұрпақтар сабақтастығын алға қоя отырып, аналар кеңесі және әлеуметтік қызметкерлер де, мына мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесетін басым бөлігі жастар болғаннан кейін олар да осы жерде орналасады.
Қазір Құрық ауылында екіқабатты нысан күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл ғимарат жуырда жастардың ресурстық орталығына айналады. Ал 2025 жылы Мұнайлы ауданында осындай орталық ашу жоспарланған.
Мұқаш Оралбай, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:
- Жоспар бойынша келесі жылы Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында жастар орталығының жаңа ғимараты бой көтереді деген жоспарымыз бар. Жалпы аймақта кезең-кезеңімен жастар ресурстық орталығымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылдың соңына дейін Жаңаөзен қалалық жастар орталығы базасында коворкинг ашылады. Оған бюджеттен 28 млн теңге қарастырылды.
Былтыр Түпқараған ауданы Форт-Шевченко елді мекенінде жастар ресурстық орталығына күрделі жөндеу жасалды. Биыл Ақтауда жастар орталығы ғимараты жөнделіп, демеушілердің қолдауымен ІТ-хаб жұмысын бастады. Бұл белсенді жастарды қолдау шараларының бірсыпырасы ғана.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.