Нұрбек Оралбай жоспарларымен бөлісті
Бокстан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай елге оралды.
Оны Астана әуежайына жиналған жүздеген жанкүйер ыстық ықыласпен лайықты құрмет көрсетіп, күтіп алды. Олардың арасында боксшының ата-анасы мен достары, қала тұрғындары тіпті өзге өңірлерден арнайы келген азаматтар бар.
Нұрбек Оралбай ел алдына шыққан бойда өзіне жанкүйер болған қазақстандықтарға алғысын білдірумен болды. Қолдауларыңыз сонау Париж төріне жетті дейді. Артынша жиналған қауымға жақындап, қолтаңбасын қалдырды. Жанкүйерлерімен естелік суретке түсіп, алдағы жоспарын бөлісті.
Нұрбек Оралбай, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері:
- Бір, екі ай демалып, тынығып, емделіп, содан кейін жаттығуларды бастап Әлем чемпионатына, Азия чемпионатына дайындаламыз. Енді бірінші олимпиада болғаннан кейін оңай болған жоқ. Ешкім ол жаққа ұтылу үшін бармайды. Алланың қалауымен осындай 2-орын бұйырып тұр екен, оған да шүкір.
Елде спортшылардың Олимпиада шыңын бағындырып, әлем чемпионаттарында топ жаруы үшін барлық жағдай жасалған. Олардың жаттығуынан бастап, жарысқа алаңсыз барып-келуіне жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Нәтижесінде ел үмітін арқалаған отандастарымыз әлемдік ареналарда атой салып жүр. Нұрбектің жетістігі соған дәлел. Тіпті Қазақстанда бокстың дамығаны соншалық Нұрбек Оралбайдың салмағындағы бәсекелестік өте жоғары.
Асқар Еркебаев, Н.Оралбайдың жеке бапкері:
- Ең біріншіден спартакиаданың финалына шыққан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов бар. Әлемнің қола жүлдегері Тұрсынбай Құлахмет бар. Жалындап тұрған жас жігіт семейлік Ерасыл бар. Ақтөбелік Жәнібек Қартбаев бар. Қазақтың мықты бокшылары болған, болады да. Дамуы бәрі жақсы.
Спортшылардың олимпиада ойындарындағы жетістігі жас буынға үлгі. Қазірдің өзінде бокс пен дзюдоға жазылғысы келетін балалар қатары артқан. Спортты жан-жақты қолдаудың арқасында осындай нәтижелерге жетіп жатырмыз.
Мерей Қанапия, Арман Ақшабаев