Павлодарда «Жастар серпілісі» республикалық форумы өтті

Елде жастардың үлесі 5,7 миллионға жетті, деп хабарлайды 24kz.

Осы ауқымды аудиториямен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері, тұжырымдамасы болуы шарт. Павлодарда «Жастар серпілісі» республикалық форумы өтті. Қазақстанның әр өңірінен келген жастар ұйымының көшбасшылары өзекті мәселелерді ортаға салып, озық идеяларын ұсынды.

Форумда Жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жаңа деңгейге көтеру қажеттігі айтылды. Ол үшін әр өңірдің озық тәжірибесі маңызды.

Біржан Әлімжанов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы комитеті төрағасының орынбасары:

- Павлодар облысында республикалық деңгейде қызмет етіп жүрген еріктілер ұйымының жетекшілері өте көп шыққан. Бұл сіздердің өңірлеріңізде еріктілік қозғалыс өте жақсы дамыған. Мынау жастарға қызмет көрсету орталығы да бұл Павлодар облысынан бастау алған бір ерекше тәжірибе.

Республикалық форуға қатысушылар  ресурстық орталықтың жұмысымен танысты. Өңірдің жастар саясатына қатысты ойларын ортаға салды.

Марат Спатаев, Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:

- Павлодар жастарының негізгі бір тәжірибесін алып кететін нәрсе – ол мынау облыстық мәслихатта жастарға арналған арнайы тұрақты комиссия бар екен. Яғни, бұл не деген сөз, бұл жастарға ерекше көңіл бөлінеді деген сөз. Мәселен біздің қаламызда 34% жастар құрайды, сол себепті ондай комиссияның жалпы барлық қалаларда, өңірлерде құрылғаны дұрыс деп есептеймін.

Сонымен қатар Павлодарда «Жастар картасы» құрылған. Бұл – дарынды жастарды қолдайтын жоба. Ресурстық орталықтың серіктестері биыл 100 адамға әлеуметтік көмек көрсеі.

Ризат Рақымжанов, облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры:

- Форумның Павлодарда өтіп жатқанына қуаныштымын. Әр өңірден келген көшбасшылар тәжірибесін көрсетіп жатыр. Қонақтарды қызықты кездесулер мен саяхаттар күтіп тұр.

Форумға қатысушылар Ертіс-Баян өңірінің көрікті жерлерін аралайды. Осы ретте Баянауылға арнайы экспедиция ұйымдастырылды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков