Атырауда жастар фестивалі өтті

Жастар күніне орай 10 күнге созылған фестивальда түрлі іс-шара, зияткерлік ойындар мен спорттық сайыстар ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24kz.

Облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асқан фестивальдің соңы облыс орталығындағы Сұлтан Бейбарыс алаңында мерекелік концертпен қорытындыланды.

Атырауда Жастар күні 10 күн тойланды. 20-ға жуық іс-шара ұйымдастырылды. Жастарды қоғамдық және волонтерлік бастамаларға тарту, ғылым мен білімге қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын сақтауға шақыруды мақсат еткен фестиваль жастардың көңілінен шықты.

Нұртас Айтқалиев, Атырау қаласының тұрғыны:

- Бұл – ауқымды шара. Ішінде көптеген ұлттық ойындар бар және спорттық ойындар, балалар ойнайтын алаңдар бар. Бүгінгі фестиваль өте жоғары өтіп жатыр. Жастарымыз өте қуанышты. Бұл фестивальде маған ерекше ұнағаны – би алаңы. Ұлттық ойындарымыз, асық, ләңгі ойнау алаңдары қатты ұнады өзіме.

Жастар күні қарсаңында «Кілең мықты» командалық ойыны, «Шабақтарды сақтайық» экологиялық акциясы, «Атырау Quest» зияткерлік жарысы, «Атырау жастарының Алтын кітабы» секілді бірнеше іс-шара ұйымдастырылды.

Нұрсұлтан Зиядаев, ұйымдастырушы:

- 10 күнде әртүрлі шаралар өтті. Ол – отбасылар сайысы, кавер әндер сайысы, поэзия сайысы болды. Одан бөлек, бүгін спорттық ойындар бар. Әртүрлі жергілікті бизнестердің ұйымдастыруымен шағын ойын алаңдары жасалды, фотозоналар жасалды. Бұл жерде одан бөлек үлкен жәрмеңке аумағы болды. Оның ішінде кітап жәрмеңкесі, жергілікті кітап дүкендері, кітап баспалары қазақстандық және де қолөнершілер өздерінің бұйымдарын сатуға шығарған болатын.

Фестиваль соңы қазақ эстрадасының жұлдыздары және жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертімен аяқталды. Жастар күні аясындағы онкүндік 20 мың жасты қамтыған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин