Ақтөбедегі әскери институтқа 50 жыл толды

Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтының құрылғанына 50 жыл толды, деп хабарлайды 24kz.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигельдинов атындағы оқу ордасы жарты ғасырда мыңдаған офицерді тәрбиелеп шығарды. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден келген курсанттар да білім алады.

Әуе корғаныс күштерінің әскери институты кеңестік кезеңде азаматтық авиация мамандарын оқытатын. Білім ордасы әскери ұшқыштар мен инженерлерді даярлауға еліміз Тәуелсіздік алған жылдары кірісті. Бүгінге дейін 27 мың курсант офицер атанды. Жарты ғасырлық тарихы бар оқу орнын таңдап, ұшқыш болуды мақсат ететін жастар әлі де аз емес. Мәселен биыл 197 орынға 724 мектеп түлегі құжат тапсырған.

Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы:

- Мен ойлаймын, біздің осы мектеп ерекше мектеп. Қазақстанның ішінен шыққан ғарышкерлерден бірнеше кісі ғана бар. Оның ішінде екі азамат осы мектепті бітірді. Қазірде дәрежесі мол училище.

Қазір Әуе Қорғаныс күштері әскери институтында жойғыш ұшақ пен тікұшақ ұшқыштары, әуе диспетчерлері мен инженерлер және әскери дәрігер мамандығы бойынша білім алуға болады. Биылдан бастап көпсалалы оқу ордасы әскери теңізшілерді де даярлайды. Заман талабына сай ұшқышсыз ұшу аппараты, яғни, дрон операторларын да оқытуды қолға алған.

Әділ Қозыбағаров, Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының бөлім бастығы:

- Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару мамандары өте үлкен рөл ойнап жатқанын өздеріңіз де көріп тұрсыздар. Соңғы екі жылда біздер осы салаға көңіл бөлдік. Практикалық сәтті дайындық өтті деп айтсақ болады. Бұл екі жыл көлемінде дайындалған мамандар өздерінің дайын екенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар келесі жылы, 2025 жылы алғашқы осы саладағы алғашқы біздің түлектер бітіріп шығады.

Салтанатты шарада институт сарбаздарына кезекті әскери шен табысталды. Атап айтқанда қатардағы 4 жауынгер сержант атанды. Көктемде оқу ордасының курсанттары мен офицерлері тұрғындарды қарғын судан құтқару жұмыстарына белсенді атсалысқан болатын. Облыс басшылығы төтенше жағдай кезінде ерекше көзге түскен 7 жауынгерге Алғыс хат табыстады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов