Ақтөбеде 27 инвестор «Жасыл дәліз» жобасының қатысушысы атанды
Соңғы 3 жылда Ақтөбе облысына 2,8 трлн теңге инвестиция тартылды.
Жергілікті билік өңірде бизнеске қолайлы жағдай жасап, инвестор тартуға күш салып жатыр. Тауар өндірушілерді қолдау мақсатында облыста «Жасыл дәліз» жобасы қолға алынды.
«Жасыл дәліз» бағдарламасы аймақ экономикасына тың серпін береді. Себебі инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Мәселен, құжат рәсімдеу және мемлекеттік органдардан қажетті анықтамаларды кедергісіз алуды қамтамассыз етпек. Индустриалдық аймақта өндіріс орындарына арналған инфрақұрылымдық жүйе қалыптасқан. Арнайы экономикалық аймақ құрылады.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Жоба аясында өз коментарийлері және әр сатыда кедергілер болса, бізге жеткізу тез арада және байланыс телефоны арқылы прокуратура және әкімшіліктің атына болады. Егер мәселе болып қалса, шұғыл түрде хабарласып, осы мәселені тез арада қолға алу.
Батыс аймақта баламасы жоқ керамика тақтайшаларын шығаратын зауыт өндірісті кеңейтуді көздеген. Инвестиция көлемі шамамен 17 млрд теңге. Бұл қосымша 300-ге тарта маманды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Ерлан Тілеуқабылов, «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС бас директоры:
- «Жасыл дәліз» жобамызды басынан аяғына дейін сүйемелдейді. Қажетті рұқсат қағаздарын жылдам алып келеміз. Мәселен, жақында ғана газ жүргізуге техникалық шартты 2 күн ішінде рәсімделді. Жер телімдері бөлініп, индустрия картасына еніп отыр. Сондықтан «Жасыл дәліз» бағдарламасының бизнеске оң әсері бар деп есептеймін.
Облыс әкімі 27 инвесторға «Жасыл дәліз» бағдарламасы қатысушысы куәлігін табыстады. Олардың арасында отандық кәсіпкерлерден бөлек, Ресей мен Түркия, Қытай мен АҚШ елдерінен келген инвесторлар бар. Олар облыс аумағында 31 ірі жобаны жүзеге асыруды мақсат тұтқан.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.