Жаңақорған ауданында бір күнде 5 тонна қоқыс шығарылды
«Таза Қазақстан» республикалық шарасы аясында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы «Жошыкөл» мен сауда орындарының айналасы және орталық стадион аумағы қоқыстан тазартылды, деп хабарлайды 24kz.
Тазалық жұмысына ардагерлермен қатар ерікті жастар, мекеме ұжымдары, сауда орындарының қызметкерлері де қатысты.
Экологиялық шараға жүз елуге жуық адам, алты техника жұмылды. Олар көлдің жағалауын ғана тазартып қоймай, су бетінде қалқыған қоқысты да қайықпен жүріп жинап алды. Сонымен қатар аудан орталығындағы сауда орындарының маңайын қалыпқа келтірді. Жаяу жүргінші жолы бойындағы ескі жарық шамдар жаңаланып, орындықтар қайта сырланды.
Мақсат Құлмырзаев, Жаңақорған аудандық жастар русурстық орталығы директорының аға кеңесшісі:
- Бізде жастар жағы белсенді, өте қатты. Бізде еріктілер ұйымдары бар көп деген игі бастамаларды бастап жүрген, тазалық шараларын өткізіп, осылай үнемі жүргізіп келеміз. Әлбетте, тазарып келе жатыр. Қазіргі таңда өздеріңіз көріп отырғандай, үлкен нәтижесін, жемісін беруде.
Шара барысында жаңақорғандықтар бес тоннадай қоқыс жинады. Ал республикалық экологиялық шара басталғалы ауданда 850 рет тазалық жұмысы ұйымдастырылып, оған 326 ұжымнан жиырма мыңға жуық адам жұмылған.
Изатулла Нәрзілдаев, Жаңақорған кентінің тұрғыны:
- Ордакенттің айналасы, Шашкөл, Әлімкөлдердің төңірегіне барып, жастарды ұйымдастырып, тазалығын өткіздік. Осының бәрі біздің тұрғындарға, халыққа септігін тигізіп жатқаны бар.
Сондай-ақ 19 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы тазаланып, 76 саябақ пен сквер ретке келтірілді. Бұдан бөлек, он үш мыңнан астам жеке үйдің және 512 әлеуметтік нысанның айналасы тазаланып, 651 тонна қоқыс шығарылды. 7 мың түп ағаш отырғызылды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин