Павлодарда «ҚазМұнайГаз» спартакиадасы мәресіне жетті

Павлодарда «ҚазМұнайГаз» компаниясы еншілес ұйымдарының еңбек ұжымдары арасындағы спартакиада мәресіне жетті, деп хабарлайды 24kz.

Дәстүрлі жарыс бұл жолы қазақ мұнайы мен қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына арналды. Тамыздың 10-ы мен 14-і аралығында өткен жарыстарға 27 команда, 600-ден астам спортшы қатысты.

Спорттық жарыстар Павлодардың тоғыз спорт кешенінде өтті. Спартакиадаға қатысушылар спорттың 11 түрінен сынға түсті. Мұнай-газ саласының мамандары жоғары нәтиже көрсетті.

Ольга Деревягина, «Қазмұнайгаз» спартакиадасының жүлдегері:

- Біз жоғары жеңіске жету үшін бар күш-жігерімізді жұмсадық. Спартакиадаға қатысуға мүмкіндік берген зауытыма рахмет айтамын. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.

Әсіресе, волейбол мен баскетбол алаңдары тартысты бәсекеге толы болды. Атыраудың мұнай өңдеу зауыты мен «Казтрансойл» командалары жеңіс тұғырынан көрінді.

Рустам Өтегенов, «Қазтрансойл» АҚ баскетбол командасының мүшесі:

- Ойын тартысты болды. Ойынға деген, финалға деген жолымыз өте ауыр болды деп есептеймін. Қарсыласымыз да мықты команда. АНПЗ командасымен ойнадық. Осындай ұйымдасырып жатқанына, «ҚазМұнайГазға» алғыс білдіреміз.

Ұлттық ойын түрлері бойынша арқан тартудан «Өзенмұнайгаз» командасы басым түсті. Асық атудан «Ембімұнайгаз» топ жарса, тоғызқұмалақтан «ҚазТрансОйл» мен «Қазақтүрікмұнай» ұжымының өкілдері чемпион атанды.

Асхат Хасенов, «Қазмұнайгаз» ҰК басқарма төрағасы:

- Бұл тек қана бізге салауатты өмірді насихаттау емес, соның ішінде ұжым арасындағы бірлікті, ынтымақтастықты нығайту. 125 жылдығы Қазақстан мұнайының, өте зор тарихымыз бар. Биыл қазақтың көрнекті ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жасқа келуі. Өзіміздің ұлттық спорт түрлеріне, яғни, асық ойнау, арқан тарту, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерін енгіздік.

Спартакиада жеңімпаздары жыл сайын өтетін «Самұрық-Қазына» компаниялары арасындағы ойынға жолдама алады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев