Қызылорда облысында ескерткіштер ерекше қорғауға алынады

Ықылым заманнан сыр шерткен ортағасырлық шаһарлар Сырдың бойында жетерлік.

Соның бірі Қышқала немесе Баршын кент. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалашық Алтын Орда дәуірінде гүлденіп, ірі экономикалық орталық болған мекеннен құнды жәдігерлер көптеп шығып жатыр. Парламент Сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі, Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов және облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев "Қышқаладағы» зерттеу жұмыстарымен танысты. 

50 гектардай аумақты алып жатқан мекенде 8 қырлы медресе, қыш күйдіретін пештердің орны табылған. Археологтар алғашқы қазбаның өзінде-ақ қабырға өрнектері өткір пышақпен қиылып салынған үлкен кесенеге кезігіп, 300-дей жәдігер тауып отыр. 

Сапар Көзейбаев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Табылған археологиялық теңгелер, ыдыстар барлығының уақыттарын анықтау, қандай материалдан соғылды? Қай уақытқа теңестірілді? Осылардың бәрін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, алдағы уақытта тарихи айналымға еніп, халық арасында үлкен сұранысы көп тарихи-мәдени ескерткіштің болатыны анық. 

Аймақ басшысы мен сенаторлар қазақтың қилы кезеңдерінің куәгер-шаһары ашық аспан астындағы мұражайға айналуы тиіс екендігін айтты. Одан әрі Парламент депутаттары Қаратау жартастарының жауһары - Сауысқандық петроглифтерінің жағдайымен танысты.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл тек ғана өңірдің ғана қазынасы емес, бүкіл Қазақстанның, ұлттың байлығы. Біз жаңа көріп жатырмыз әр жерге жазып, бүлдіріп кеткен. Осы тарихи ескерткіштерді вандализмнен сақтау. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Болашақтағы әзірленіп жатқан археология туралы заңда осы мәселелер ескеріледі деп ойлаймын.   

Өңірде сондай-ақ Арал маңы сақтарының ерте кезеңіне жататын «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» жәдігерлерін реконструкциялау қолға алынды. 

Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев