Отандық жүгері тұқымы экспортқа шықты
Елде өсірілген жүгері тұқымы көршілес мемлекеттердің нарығына шықты.
Биылдан бастап жемдік жүгері сортының гибридті тұқымы Өзбекстанда сатыла бастады. Ал Қырғызстанға бес жылдан бері экспортталады. Алматыдағы «BUDAN» компаниясы жүгері мен майбұршақтың гибридті тұқымын өндіруге маманданған. Қазір кәсіпорын өндіріс ауқымын кеңейтті. Оған «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» жан-жақты қолдау білдіріп отыр.
Биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі 30-дан астам экспорттаушыға қолдау көрсетті. Оның алтауы алғаш рет көмек алды,-дейді Алматы өкілдігінің директоры Алмас Қалқаев.
Агенттіктің басты мақсаты — отандық кәсіпорынның дамуына ықпал ету.
Халықаралық нарыққа шығуына жағдай жасау.
Алмас Қалқаев, "Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" АҚ Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры:
- Агенттік кәсіпорындарға халықаралық нарыққа шығарда кешенді қолдау көрсетеді. Яғни кепілдік береді. Сақтандыру және қаржылық қолдау көрсетеді.
Соның қатарында «Будан» серіктестігі де бар. Келісім-шарт аясында азықтық жүгерінің гибридті тұқымдары Өзбекстанға экспортталып отыр.
BUDAN гибридті өсімдіктің 20-ға жуық түрін өсіреді. Жоғары сортты жүгері тұқымын будандастырумен айналысады. Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия бойынша ірі зауыт. Өндірістік қуаттылығы жылына 6 мың тоннаға дейін жетеді.
Зифа Мәжитова, Budan ЖШС тұтынушылармен қарым-қатынас бөлімінің қызметкері:
- ФАО-200 ерте гибрид болғандықтан солтүстік өңірде өзін көрсетіп жатыр. ФАО-700 көбінесе Алматы облысы, Жетісу облысы және Түркістан, Жамбыл облысында өсіп жақсы жақсы өнім көрсетіп жатыр. Қазақэкспортпен қарым-қатынасымыз ұлғайып болашақта экспортқа шығатын мөлшері жағынан көбеюі мүмкін.
Осы жылдың алғашқы 6 айында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің отандық тауар өндірушілерге көрсеткен қолдау көлемі 140 млрд теңгеге жеткен. Ұлттық компания 228 экспорттық келісімшарт бойынша қолдау көрсетті, сонымен қатар 136 сақтандыру шартын жасады.
Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев