Ақтөбеде облыстық тамыз конференциясы өтті

Бүгін Ақтөбеде облыстық «Тамыз кеңесі» өтті.

Дәстүрлі жиынның биылғы тақырыбы – «DIGITAL QAZAQSTAN: ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ». Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған ұстаздар заманға сай цифрландыру үдерісін талқылады. Шарада ұйымдастырылған көрмеде жаңа технологиялардың білім беру саласына оң ықпалы бар түрлі бағдарламалар таныстырылды.

Өңірдегі білім беру ұйымдарын цифрландыру үдерісі соңғы жылдары белсенді жүргізіліп келеді. Мәселен «Алақан-Мектеп» биометриялық жүйесі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамассыз етеді. Ал, Қобда қазақ орта мектебінде орнатылған «Электрондық кестеде» күнтізбеден бөлек мектеп тарихы, оқытушылар құрамы мен тіпті асханадағы ас мәзірімен де танысуға болады. 

Сәния Сырымова, Қобда қазақ орта мектебінің директоры:

- Сабақ кестесі өте ыңғайлы. Кез келген ата-ана келіп сабақ кестесін ашып сабақ кестесінде қазіргі уақытта өзінің сыныбында қай сабақ өтуде, қай мұғалім сабақ беруде, барлығымен толығымен танысып және де ақпаратты ала алады. 

Мұндай электрондық жүйе өңірдің әр ауданындағы 12 тірек оқу ордасына орнатылған. Әрқайсысына шағын жинақты 3 магнит-мектебі бекітілді. Сәйкесінше шалғайдағы елді мекен оқушылары заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, математика, физика, химия және биология мен ағылшын тілдері пәндерін бір әдістеме аясында оқиды.

Жайық Сұлтан, облыстық білім басқармасының жетекшісі:

- Ауылдық шағын жинақты мектептерге цифрлық қолдау нәтижесінде мына біздегі ауыл және қала арасындағы білім сапасындағы айырмашылық 5 пайызға азайды. Оның өзі өте жақсы көрсеткіш. 

Биыл бірқатар мектептерде сабақ кестесі жасанды интелекттің көмегімен құрылады. Бұл ұстаздарға айтарлықтай көмек болары сөзсіз. Тамыз кеңесінде облыс әкімі Асқар Шахаров «Білім беру саласының үздіктері» мен «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі иегерлері және «Еңбек ардагерлері» марапаттады. Сондай-ақ 5 оқу ордасына «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын табыстады. 

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов