Алматыда She’s Next әйелдерге арналған бизнес байқауының жеңімпаздары анықталды
Алматыда She’s Next жаһандық бастамасының үшінші кезеңі өтті.
Бұл цифрлық төлемдер бойынша әлемдік көшбасшы Visa мен Halyk банктің бірлескен жобасы. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға бағытталған байқау барысында еліміздің әр түкпірінен келген кәсіпкерлер қазылар алқасының назарына өздерінің бизнес жобаларын ұсынды. Ең қызықты және креативті жоба Visa-дан 7 миллион теңге көлемінде грант алды. Сонымен қатар Halyk банк тарапынан 50 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндігіне ие болды.
She’s Next жобасына еліміздің түкпір-түкпірінен 15 мыңнан астам нәзік жанды кәсіпкер қатысты. Бірнеше кезеңнен тұратын байқауда қатысушылар екі категория бойынша сынға түсті – жаңадан басталған кәсіп және жұмыс істеп тұрған бизнес. Байқауда білім беру бағдарламасы, тестілеу және сараптамалық комиссияның бизнес жоспарларды бағалауы есепке алынды.
Кристина Дорош, VISA компаниясының ТМД елдері бойынша бас вице-президенті және аймақтық менеджері:
- Әйелдердің әлеуметтік, экономикалық өмірде алатын орны қаншалықты маңызды екені бәрімізге белгілі. Сондықтан біз оларды қолдау мақсатында әйелдерді іскерлік дағдыларға үйрету үшін осы бастаманы қолға алып отырмыз.
Ақтық кезеңге 12 қатысушы өтті. Қазылар алқасының шешімі бойынша «Бастау бизнес» аталымында Жанна Қазақбаева жеңімпаз атанды. Ол балаларды дамытуға арналған ойыншықтар жасау жобасын ұсынды. Ал «Ағымдағы бизнес» аталымында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қосымша білім беру жобасымен Меруерт Юсупова жеңімпаз атанды.
Ольга Вурос, Halyk басқарма төрағасының орынбасары:
- Жалпы Halyk банк әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған бұл бағдарламаны қолдайды. 6 жылдан бері біз 550-ден астам кәсіпкерді алты миллиард теңгеден астам сомаға қаржыландырдық. Осы мақсаттар үшін банк нарықтық және жеңілдетілген пайыздық үстемақымен қаржы бөледі.
Шара аясында «Халық таңдауы» аталымы бойынша, жобалары ең көп дауыс жинаған кәсіпкерлер де марапатталды. Олар Visa компаниясынан әрқайсысы 3 миллион теңге көлемінде грант алды, сондай-ақ Halyk банктен 30 миллион теңгеге дейін жеңілдікпен қаржыландыру мүмкіндігіне ие болды.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев