Қаражанбас кен орнындағы тұщыту зауыты толық қуатына шықты
Маңғыстау облысында Қаражанбас кен орнындағы тұщыту зауыты толық қуатына шықты.
Кәсіпорын мұнаймен бірге өндірілетін ілеспе қабат суын тұщытады. Одан әрі кен орнында бу өндіру үшін техникалық мақсатта пайдаланылады. Зауыт сынақ режимінде іске қосылғаннан бері 6,4 миллион текше метр тұщы су өндірген. Аймақта жұмыс сапарымен жүрген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асхат Хасенов өндіріске арнайы барып, жұмыс қарқынымен танысты.
Кен орны жаңа зауыт іске қосылғанға дейін «Астрахань-Маңғыстау» құбырынан тәулігіне 21 мың текше метр су алып отырды. Қазіргі көрсеткіш 5 мың текше метрге төмендеді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің айтуынша, жерасты суын тұщытатын зауыт іске қосылған соң бірқатар технологиялық мәселелер шешімін тапты.
Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- Қаражанбас кен орнына бұл не себепті қажет? Себебі бізде мұндағы мұнайдың тұтқырлығы жоғары. Сондықтан оған біз буды ұңғымалардағы қабатқа айдаймыз. Біз экологиялық тұрғыдан да, техникалық тұрғыдан да өзімізде қабат суын тазалап, яғни оны тиімді пайдаланып жатырмыз деп айтуға болады.
Мұнай өндірісінде ілеспе қабат суын тазарту қоршаған ортаға оң әсер етеді. Айта кетсек, бұл зауыт – елімізде баламасы жоқ бірегей жоба.
Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- Кірер алдында автоматтандырылған бірнеше есептеуіш құралы бар. Солар минерализациялауды, судың құрамында мұнайдың болмауын қарайды. Бұдан басқа, күніне 3 рет арнайы пробалар алынады. Себебі судың сапасы бізде өте жоғары болуы керек.
Ілеспе қабат суын тұщытатын зауыт қазір тәулігіне 17 мың текше метр су өндіреді. Осылайша, Қаражанбас кен орны магистральды су құбырына тәуелділіктен арылды. Қажеттіліктен босаған тіршілік нәрі Маңғыстау облысының елді мекендеріне жіберіліп жатыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.