Қызылордада құрылысшылар мен көлік саласының қызметкерлері марапатталды

Қызылордада құрылысшылар мен көлік саласы қызметкерлерінің күні аталды, деп хабарлайды 24KZ.

Мерекелік шара аясында облыс әкімі инновациялық шығармашылық орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Сонымен қатар орталық стадионда сала майталмандары марапатталды.

Қызылорда қаласында салынып жатқан үшқабатты инновациялық шығармашылық орталықтың жалпы аумағы 9 мың 800 шаршы метрге тең. Зәулім нысанда бір мезетте 500 оқушы 45 түрлі үйірмеге қатысуға мүмкіндік алады.

Ерлан Төралиев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Заманауи материалдар қолданатын, барлық технологияларды қолданатын ғимарат болады. Құрылысының басталғанына 2 ай болды. Амандық болса, келесі жылдың аяғына дейін аяқтаймыз.

Өңірде биыл 187 жобаның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар 869 мың 300 шаршы метр тұрғын үйді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық стадионда өткен мерекелік шарада атап өтті.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғын баспанамен қамтамасыз етілді. Осылайша, тұрғын үй құрылысының көлемі 126% өсті.

Жеткерген Оразбаев, құрылыс саласының ардагері:

- Құрылыс саласында істеген адамның қадірін өзі үлкейген кезде көресің, тұсынан өткенде «Мынаны мен салып едім ғой», – деп немерелі, шөберелі болғанда ел алдында өте сыйлы боласың.

Салтанатты шарада сала үздіктері мен ардагерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды. Оларға «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы тапсырылды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин.