Түркістан облысында су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт ашылды
Биыл елдегі су үнемдеу технологиясын шығаратын алғашқы зауыт Түркістан облысында ашылды.
«BNK Group LІMITED» компаниясы америкалық кәсіпорынмен бірлесіп, Орталық Азиядағы ең ірі жаңбырлатып суару машиналар өндірісін іске қосты. Жаңа зауыттың аяқ алысы қалай? Жылдық қуаттылығы қанша?
Жаңа зауыт 2,5 гектар аумақты алып жатыр. 25 мың шаршы метрінің төбесі жабылған. Мұнда жылына 50 мың гектар жерді суландыратын мың дана жаңбырлатып суару машинасы шығарылады. Кәсіпорын америкалық технологиямен жабдықталған. Жобалық құны – 7 млрд теңге. 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда отандық шикізат қолданылады.
Ниязәлі Бейсембаев, «BNK Group LTD» компаниясының бас директоры:
- Бұл жерге шикі металл келеді, дайын жаңбырлатып суару жүйесі болып шығады. Біз тек қана қозғалтқыш, редуктор, чип, микро чипті сатып аламыз, қалғанының бәрін осы жерде өзіміз өндіреміз. Биыл 100 дана саттық, жылдың аяғына дейін 200-ге жеткізсек деп отырмыз. Келесі жылы мың данаға дейін шығаруды көздеп отырмыз.
Мамандар жақында осы алаңда тамшылатып суару жүйесін шығаратын кәсіпорынды іске қоспақ. Жоба құны – 4 млрд теңге. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары алдағы 5 жылда өңірдегі суармалы жердің 50%-не, яғни 216 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілетінін айтады. Биыл 22 мың гектарды қамтиды деп жоспарланған.
Дәулетияр Алшынбай, ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім басшысының м.а.:
- Жартыжылдықта бізде 13 гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Оның ішінде бізде 8,7 мың гектары тамшылатып болса, 5,1 мың гектары жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді. Бүгінгі күні субсидиялау бағдарламасы арқылы 80% дейін субсидияланып отыр.
Жалпы Түркістан өңірінде су шығынын азайту технологиясы 32 мың гектарға қолданылады. Мамандар бұл технология су, энергия, еңбек ресурсын, минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан кемінде 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік беретінін айтады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.