Алматыда Senat Open ашық кубогының жартылай финалы өтті

Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шахматтан Senat Open ашық кубогының жартылай финалының соңғы кезеңі өтті.

Шараға 5 өңірде өткен іріктеу жарыстарының 100-ден аса жеңімпазы қатысты.

Ашық кубоктың іріктеу ойындары бұған дейін барлық өңірлерде ұйымдастырылды. «Шығыс» турнирі – жартылай финалдың соңғы кезеңі.  Оған Алматы қаласы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ ардагерлер қатысты.

Мейіржан Отыншиев, Алматы қалалық мәслихат төрағасы:

- Оңтүстік Шығыс турнирін өткізіп жатырмыз, бұл – жартылай финал. Естеріңізде болса, 28 сәуірде біз осы Алматы қаласында қалалық турнир өткіздік. Абай жүлдесіне арналған тоғызқұмалақтан турнир өткізіп жатыр. Осы екі турнирді ұтқандар осы айдың соңында республикалық Астанада өтетін финалға қатысады.

Senat Open ашық кубогын Парламент Сенатының қолдауымен Қазақстан шахмат федерациясы алғаш рет ұйымдастырып отыр. Әуесқой шахматшылардың қатарында тәжірибелі ойыншылар да бар. «Сондай-ақ жаңадан қатарға қосылып жатқандар үшін бұл – таптырмас тәжірибе алаңы», – дейді ұйымдастырушылар.

Ермек Әбілмәжинов, Абай облысы Жаңасемей аудандық мәслихат төрағасы:

- Шахмат деген интеллектуалды ойын ғой, шараға депутаттар қатысып жатқаны өте дұрыс деп есептеймін, өйткені жан-жақтан депутаттар келіп, бір-бірімізбен танысып, пікір алмасып, ой бөлісіп, тәжірибе алмасып жатырмыз. Бұл жағынан мұндай шаралардың өткені дұрыс деп ойлаймын.

9 раундтық рапид қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған «Шығыс» өңірдің 25 өкілі тамыз айының соңында елордада өтетін Senat Open турнирінің финалына қатысуға жолдама алды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев.