Ресейде IX Каспий медиафорумы өтті

Ортақ теңізді айнала мекендеген елдердің тарихы мен мәдениеті сабақтас.

Жаһандану заманында жалпыға ортақ ақпараттық кеңістік құру арқылы біз Каспий маңындағы мемлекеттердің өткенін оралта аламыз. Ресей Федерациясының Астрахань қаласында өткен дәстүрлі 9-медиафорумға жиналғандар осы бағыттағы ойын ортаға салды. Форумға Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түркіменстаннан 1 мыңға тарта тарихшы сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Каспий теңізі маңайын мекендеген 5 ел үшін ортақ тақырып жеткілікті. Бағзы заманда Хазар қағанаты салтанат құрған, Сарматтар мәдениетінің тал бесігі болған өңір тұрғындары әлі күнге өзара байланысты үзген жоқ. Керісінше оны жаңа форматта дамытуға ұмтылуда. 

Гюнай Намазова, форумға қатысушы /Әзербайжан/:

- Біздің мәдениетіміз бен тарихымыз, соның ішінде түркі тілді халықтардың түп тарихы бір. Жаңа буын өкілдері сол тарихты тануы тиіс. Біздің міндетіміз осы үдерісті жалғастыруға ықпал ету.  Ол үшін ақпарат алмасуға жете көңіл бөлуіміз керек. 

Ортақ теңіздің игілігін көріп, оның мәдениеті мен тарихына еншілес елдер осындай ашық алаңдар арқылы керегін түгендеуге тырысады. Бұл ретте өзара ақпарат алмасу, ортақ құндылықтарымызды бағалау - басты міндет,- дейді форумға қатысушылар. 

Нұрлыбек Жеңісбекұлы, Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы:

- Біздің мәдениетіміз, ортақ құндылықтарымыз бар, ортақ тарихымыз бар. Әсіресе мынау қазіргі таңда БАҚ жаңа тенденциялармен жаңа кезеңге аяқ басу кезінде мәдени тұрғыда елдік мүддені сақтай отырып, бір-бірімізге дұрыс қажет ақпараттарды беруіміз керек. 

Туризм орталығына айналып келе жатқан Атыраудағы көне «Сарайшық» қалашығы шетелдік ғалымдардың да қызығушылығын туғызуда. «Сарай Батудан» кейінгі «Ұлы Жібек» жолындағы кіндік қаланың тарихын осы өңірдегі  мемлекеттер бірігіп зерттесе, талай құндылықтардың ашылуы даусыз. Форумға қатысушылар осынау баға жетпес байлығымызды күллі әлемге таратуды қолға алмақ.  

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов