Қаныш Сәтбаевтың мұрасына арналған бірнеше кітаптың тұсауы кесілді
Қазақ ғылымының атасы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды.
Ғасыр ғұламасының мерейтойы өзінің кіндік қаны тамған киелі топырақ - Баянауыл жерінде ұлан асыр тойға ұласты. Республикалық ақындар айтысы, эстрада әншілерінің концерті, ұлттық ойындар мен қолөнер шеберлерінің көрмесі мерекенің көрігін қыздыра түсті. Мерейтой қарсаңында Қаныш Сәтбаевтың мұрасына арналған бірнеше кітаптың тұсауы кесілді.
Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы ғылыми конференциядан басталды. Ал ғұламаның ауылында қазақтың біртуар перзенттеріне арналған аллея ашылды.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
- Ұлы даламыз ғылым мен мәдениеттің тарихи шаңырағы. Ата-бабаларымыздың мұрасы біздің басты құндылығымыз. Сондықтан баршамызға қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевтың 125, алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың 135, тау тұлғалар Әлкей Марғұланның 120 және Шәкен Аймановтың 110 жылдық мерейтойлары құтты болсын.
Пайдалы қазбалар құпиясын ашып, қазақ ғылымының негізін қалаған Қаныштың тойына халық көп жиналды. «Халқым менен де биік» - деген төл перзентін олар құбылысқа, феноменге теңеді.
Ұлықпан Сыдықов, Сәтбаев Университетінің профессоры:
- Бала күнінен ұлттың рухын, дәстүрін, әдебиетін, мәдениетін бойына сіңірген. Соның айқын көрінісі мына Томск технологиялық институтында геолог болып оқып жүрген кезінде алгебра оқулығын жазуы, Едіге батыр дастанын шығаруы.
Республикалық ақындар айтысында топ жарған Асланбек Шұғатаев Қаныш Сәтбаевтың домбырасымен өнер көрсетті.
Аспанбек Шұғатаев, айтыскер ақын:
- Бұл домбыра біздің Баянауыл ауданының Қаныш Сәтбаев мұражайынды тұр. Сол домбыраны бүгін атамның тойына ырым қылып ұстап шыққан ниетім бар. Әр қазаққа Қаныш Сәтбаевтай ұл бұйырсын.
Тарихи тұлғаларымен көпке танылған Баянауыл басындағы ұлы тойдың көрігін эстрада жұлдыздарының концерті, аламан бәйге, қолөнер шеберлерінің көрмесі қыздыра түсті.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев