Қарағанды облысында ауыл мектептері интернетке қосылды
Қарағанды облысы бюджетінің қырық жеті пайызы білім беруге жұмсалады.
Биыл облыста 12 заманауи мектеп ашылады. Жалпы салада атқарылған жұмыстың қорытындылары мен жаңа оқу жылының стратегиялық міндеттері дәстүрлі тамыз кеңесінде талқыланды.
Қарағанды облысының барлық білім беру нысандарында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мектептердің 80%-ы қазіргі заманғы физика, химия, биология кабинеттерімен және STEM-зертханалармен қамтамасыз етілген. Ең бастысы, барлық шалғай ауылдар кең жолақты интернет желісіне қосылған. Бүгінде мектеп тапшылығы мәселесі де шешімін тауып келеді дейді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Біз жыл соңына дейін апатты мектептердің орнына екі оқу ошағын саламыз. Ал үш ауысым және оқушы орындарының тапшылық мәселесі 2025 жылға дейін шешіледі. Яғни біз осы аралықта 15400 оқушы үшін жиырма мектеп саламыз.
Жаңа оқу жылында ерікті мұғалімдер қауымдастығы құрылады. Олар оқушылардың үлгерімін арттыруға қолғабыс етеді. Сонымен қатар ауыл түлектеріне ҰБТ-ға онлайн-дайындық ұйымдастырылады. Жалпы ауыл балаларының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасалуда. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова айтты.
Гүлбақыт Жүнісова, Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы:
- Биыл 821 млн 700 мың теңгеге 65 жаңа модификация кабинетін сатып алдық. Одан басқа ауылдық жерлерде тірек мектептердің потенциалын дамыту жобасы аясында Қазақстан халқына қоры 2 млрд теңгеге облыстың ауылдық мектебін замауи пәндік кабинеттермен және жиһазбен жабдықтады.
Тамыз кеңесінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев білім саласын дамытуға зор үлес қосқан үздік мұғалімдерді арнайы төсбелгімен марапаттады.
Достық Талғатұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар