Жетісу облысында жылыту маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр

Жетісу облысындағы елді мекендердің 47%-і көгілдір отынға қосылған.

Күзден көктемге дейін тұтынушыларды табиғи газбен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін «QAZAQGAZ AIMAQ» компаниясының өкілдері жылыту маусымына дайындық жүргізіп жатыр. Қысқа қамданған саладағылардың әзірлігімен «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов танысты.

Талдықорғанда газ таратуды реттейтін екі үлкен және 22 шағын пункт бар. Биыл жазда соның барлығы ағымдағы жөндеуден өткізілді. «Қала аумағындағы ескіріп немесе бүлінген құбырлар ауыстырылды», – дейді «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының бас инженері Жайық Әлишов.

Жайық Әлишов, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының бас инженері:

- Қала бойынша 35 мың тұтынушымыз бар. Оның ішінде 17 мың жер үй болса, 18 мыңы – квартиралар. Тағы да үлкен кәсіпорындар газ алады. Тағы да кіші кәсіпорындар газ алады. Сол әр тұтынушымыз қысқы кезде үздіксіз тұрақты газбен қамтамасыз етіліп отыру керек. Сол үшін осы жұмыстар график бойынша атқарылып келе жатыр.

Жетісу облысына көгілдір отын 2017 жылы жеткізілді. Содан бері өңірдегі елді мекендерді табиғи газға қосу ісі тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Аймақтағы газдандыру жұмыстарымен «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов танысып, қысқы маусымға дайындықты да пысықтады.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Жалпы жетісу өңірінде шамамен 200-ден астам газ реттеу пунктері жөнделді. Жерасты құбырлары жаңартылды. Ескіден жаңаға. Сондықтан қазіргі уақытта күзгі, қысқы мезгілге Жетісу облысының дайындығы 84% құрайды.

Жетісу облысының халқы жылына 150 млн текше метр табиғи газ тұтынады. Көгілдір отынға деген қажеттілік күн суытқанда күрт артады. Сол үшін «QAZAQGAZ AIMAQ» компаниясындағылар жылыту маусымына дайындықты бірінші қыркүйекке дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.