Құлсары қаласында оңалту орталығы ашылды
Атырау облысы Құлсары қаласында «Самұрық-Қазына» АҚ атынан «Ембімұнайгаз» АҚ-ның қаржылай қолдауымен оңалту орталығы ашылды.
Жаңа ғимаратта білікті мамандар 150 балаға тегін қызмет көрсетеді. Оңалту орталығының ашылу салтанатына «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, облыс әкімінің орынбасары мен ардагер мұнайшылар қатысты.
Жаңа оңалту орталығы заманауи үлгіде жабдықталған. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға білікті логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог, психологтар тегін қызмет көрсетеді. Ерекше бала тәрбиелеп отырған жылыойлық ата-аналар бұрын қажетті көмекті алу үшін ел аралайтын. Енді мұндай орталықтың ауданнан ашылғанына қуанышты.
Жанар Сәрсенғалиева, Құлсары қаласының тұрғыны:
- Кешегі пандемия кезінде де, су тасқыны кезінде де ауданнан шығу мүмкіндігі шектелген кезде біздің бұл емді алу тоқтап қалды. Өте қиынға соқты. Бұл енді бала мен ана үшін қиын. Әрі қосымша қаражат шығыны. Сол себепті біз өте қуаныштымыз. Жылыой ауданының мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған аналар атынан үлкен алғысымызды білдіреміз.
Орталықта ерекше балаларға жеке және топтық бағдарламалар арқылы медициналық, педагогикалық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ кешенді түзету шаралары да қарастырылған. «Самұрық-Қазына» қоры мен «Ембімұнайгаз» АҚ Жылыой ауданында тағы жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
- Былтыр «Самұрық-Қазына» 7,2 млрд теңгеге 46 әлеуметтік жобаны іске қосты. Биылғы көктем елімізге аса ауыр тиді. «Самұрық-Қазына» су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 22 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Одан басқа, шетел серіктестеріміз, әріптестеріміз 2,5 млрд теңгеге көмек көрсетті. Сол қаражатқа біз 3 өңірде спорт кешендерін салып жатырмыз.
Соның бірі Жылыой ауданында бой көтереді. Жаңа спорт кешенінің құрылысын биыл бастау жоспарланған.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов.