БҚО-ның Теректі ауданында судан зардап шеккен 50 отбасына баспана берілді

Батыс Қазақстан облысында су тасқынының зардабын жою жұмыстары жалғасып жатыр.

Бүгін Теректі ауданының Подстепное ауылында 50 отбасына жаңа үйлердің кілті табысталды. Осы айдың соңына дейін аудан бойынша қалған 80 үйдің құрылысы да аяқталмақ.

Теректілік Қауысқалиевтер жанұясы биыл баспанасыз қалды. Қырдан құйылған қызыл су санаулы сағатта саман үйді қаусатып кетті. 6 балалы ата-ана содан бері аулаға шатыр тігіп тұрып келген еді. Енді ол қиындық артта қалды. 

Айымгүл Меңдібаева, Подстепное ауылының тұрғыны:

- Бізде бүгін қуанышты күн. Аллаға шүкір, көктемде үйімізді уәде еткендей әкімшілік, үкімет үйіміздің кілтін табыстап жатыр. Үйіміз керемет, жап-жарық. Ішінде бүкіл жағдайы жасалған. 

Теректі - тасқынға тап болған төрт ауданның бірі. Аңқаты ауылында 23, Подстепное ауылында 105 үй салынып жатқан еді. Бүгін алғашқы 50 үй тапсырылды. Тұрғындардың қуанышында шекс

Лаура Нысанова, Подстепное ауылының тұрғыны:

- Осы сәтте біз толқып тұрмыз. Бірақ дей тұрғанмен қуанышымызда шек жоқ. Екі езуімізден күлкі кетпей, қазір шаттықтан көңіл-күйіміз керемет. Керемет баспаналар көтерген. Үйлерге кіріп жатырмыз. 

Батыс Қазақстан облысында су астында қалған 3 мыңнан астам үй жарамсыз деп танылған еді. Соның 775-і жаңадан салынуда. Алды ел игілігіне беріліп жатыр. 

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Осы су тасқынынан зардап шеккен, тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тез арада көмек көрсету және үйлерін салып жөндеп беру жөнінде Мемлекет басшысының үндеуіне сәйкес бизнес өкілдері қол ұштарын созып, қаржылай демеу көрсетті. Сіздермен бірге қуаныштымыз бәріміз де! Сондықтан мынау үйлеріңіз құтты болсын дейміз!

Өңірдегі жаңа үйлердің құрылысы қыркүйектің біріне дейін аяқталмақ. Қоныс той ертең Сырым ауданында жалғасады. 

Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов