Сырым ауданында 100 үйдің кілті тапсырылды
Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккендер толықтай баспанамен қамтылды, деп хабарлайды 24kz.
Өлеңті, Жымпиты және Бұлдырты ауылдарында 100 жаңа үйдің кілті тапсырылды. Бұған дейін Қарасу ауылында 14 отбасы қоныс тойын тойлаған болатын. Аудан бойынша барлығы 114 тұрғын үйдің құрылысын «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырыпты.
Өлеңті және Бұлдырты өзендерінің тасуы салдарынан Сырым ауданында 3 ауылды су басып, 253 тұрғын үй зардап шекті. Арнайы комиссия шешімімен соның 114-і жарамсыз деп танылды. Соңғы 60 жылда болмаған табиғи апат тұрғындарды толғандырып, алдағы күнге алаңдатқаны рас. Алайда «ешбір жан көмексіз қалмайды» деген Мемлекет басшысының уәдесі орындалды. 4 айда 114 үй бой көтерді.
Қанат Кәкімов, Өлеңті ауылының тұрғыны:
- Үлкен толғаныста жүрдік. Қандай көмек болады, бізге Үкімет үй салып бере ме, бермей ме деген. Содан облыстан, ауданнан комиссия келді. Үйімізді қарап, жарамсыз деп танып, осы үйді салды. Қазір қуаныш, әр адамның жүзінде күлкі, үлкен қуанышта халық. Не айтамыз? Осындай апат, қайғы-қасірет қазақ жұртында болмаса деп тілейміз.
Аудан бойынша 114 үйдің құрылысына қажетті қаражат «Қазақстан халқына» қорынан қаралды. Бүгін қордың төрағасы Болат Жәмішев пен облыс әкімі Нариман Төреғалиев тұрғындардың қуанышына ортақтасып, жаңа баспана кілттерін табыстады.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Бір қиындықтың артында бір жақсылық бар демекші, міне, сол қиындықты жеңе білдік. Оған басты мүмкіндік Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен бірқатар демеушілер және «Қазақстан халқына» секілді қорларымыз су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын берген болатын. Енді осындай қиындықтар, жаңағыдай апатты жағдайлар біздің елімізде болмасын!
Енді аудан орталығы Жымпиты ауылындағы жаңа шағын аудан «Қазақстан халқына» деп аталмақ.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э.Аюпов