Қазақстанның полипропилен импортына тәуелділігі азайып келеді

Елімізде полипропилен импортына тәуелділік азайып келеді.

Соңғы жылдары KPI газ-химия кешенінің арқасында жергілікті шикізаттың үлесі артып отыр. Мамандардың айтуынша, полипропилен импорты 59-дан 20 процентке дейін азайған. KPI еліміздегі қайта өңдеушілерге полипропиленді тиімді бағада ұсынады.Қазір одан жасалған тауар шетел нарығына шығып жатыр.

Елімізде тағы бір компания жергілікті шикізатты қолдануға көшті. Енді олар импортқа тәуелді емес. Өзімізде шыққан полипропиленді пайдалана бастады. Zeta компаниясы үйге, кеңсеге және бау-бақшаға арналған пластик тауар шағаратын жетекші өндіруші. «Ал ең қажетті шикізат полипропилен KPI –ға тиесілі», - дейді KPI компаниясының сату бөлімінің бас маманы Әсия Телеуісова. 

Әсия Телеуісова, KPI сату бөлімінің бас маманы:

- KPI компаниясы Zeta-ның Қазақстан аумағында ғана емес, сонымен қатар Еуропа мен ТМД нарығын бағындырып жатқанын қолдайды. Біздің полипропиленнің сапасы өте жоғары. Одан жасалған бұйымдарда мін болмауы тиіс. Zeta ол үдеден шығып, тұтынушылардың талабын орындап отыр.

Бүгінгі таңда ZETA дүкендер желісі қарқынды дамып келеді. Қазақстанның 27 қаласында 60 дүкені бар. Оған қоса полипропиленнен жасалған орындықтарды Ресей, Өзбекстан мен Еуропа елдеріне экспорттайды. Oсы кәсіпорынның өзі айына кемінде 20-40 тонна полипропилен сатып алады. 

Бақтияр Кенжеханов, Талғар қаласындағы Zeta зауытының директоры:

- 2023 жылға дейін Zeta компаниясы шикізатты Өзбекстан мен Ресейден алып отырған. Осы 2023 жылдан бері Атырауда орналасқан KPI  компаниясынан шикізат аламыз. Соған біз өте қуаныштымыз. Жылдамдық, алған шикізатымыз тез келеді.

Zeta полипропиленнен пластик орындықтар, тұрмыстық бұйымдар, шелек, су құятын үлкен ыдыс, жәшік, контейнер сияқты заттар жасайды. Оған қоса кресло мен орындыққа арналған бөлшектер шығарады.

Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон