БҚО-да «Шекараны барлық халық күзетеді» атты акция өтті
«Шекараны барлық халық күзетеді». Осындай атаумен өтіп жатқан патриоттық акция Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында жалғасын тапты.
Шекара қызметінің мамандары жергілікті жұртшылыққа құқықтық түсінік жұмыстарын жүргізіп, ел шебін бұзушыларды бірлесе анықтауға шақырды.
Жарсуат ауылындағы «Ақсай» бөлімшесі Ресейдің Орынбор облысымен ортада орналасқан. Аталған аймақ тұрғындары тарапынан шекара бұзылмағанымен, Азия елдерінен келген азаматтардың Ресейге, одан әрі Еуропаға заңсыз өткісі келетін фактілері аз емес. Міне, сондай жағдайда жергілікті жұрт, соның ішінде балалар да қалай қимылдап, қырағылық танытуы керектігі шара барысында түсіндірілді.
Әзім Бегімов, мектеп оқушысы:
- Бізге бүгінгі шекара бөлімшесіне жасаған экскурия ұнады. Әскерилердің киімдерін көрсетті. Сонымен қатар өздері қолданатын түрлі қаруларды да таныстырды. Иттердің қалай жұмыс жасайтынын көрсетіп, техникалардың мүмкіндіктерін паш етті.
Арнайы акция аясында мамандар тамақтану орындарына, қонақүйлерге, табиғат қорғау мекемелері мен шаруа қожалықтарына барып, шекара шебіндегі күмәнді тұлғаларды анықтау алгоритмдерін баяндады.
Жандос Ахметбеков, ҚР ҰҚК Шекара қызметі БҚО департаментінің офицері:
- БҚО шетел азаматтарымен шекара бұзу белгілері, әрекеттері байқалып жатыр. Жыл басынан бері 200-ге жуық шетел азаматтары, соның ішінде Ауғанстан, Пәкістан, Үнді азаматтары, Сомали, Шри-Ланка сияқты елдердің азаматтары шекараның маңында ұсталып жатыр. Сол себептен жергілікті тұрғындардың қырағылығын арттыру, көтеру мақсатында профилактикалық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.
Шекара күзетін күшейтуге арналған акция Бәйтерек ауданынан бастау алса, енді Тасқала ауданында жалғаспақ. Барлығы облыстың 7 ауданында өткізілмек.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.