Ақмола облысының шаруаларына қосымша 20 мың тонна жанармай бөлінді
Ақмола облысының диқандары биыл 5 млн тоннадан астам астық жинаудан үмітті.
Себебі егін бітік шыққан. Тек ауа райы шаруаларға қолбайлау болып тұр. Облыс орталығында өткен агрожиында осы және өзге де бірқатар мәселе талқыланды. Жалпы биыл жергілікті диқандарға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?
Алқалы жиын алдында облыс әкімі Марат Ахметжанов ветеринариялық станцияларға қызметтік 19 көліктің кілтін табыстады. Жаңа техника мал дәрігерлерінің жұмысын тиімді әрі жедел жасауға мүмкіндік береді.
Орал Төлеу, Ерейментау аудандық ветеринария станциясының басшысы:
- Біздін районда өте көп отгонный участектер бар. Тау мен тастың арасында осындай үлкен машиналар дұрыс. Осыдан 12 жыл бұрын алғанбыз. Оның бәрі ескірді. Қазір аудан бойынша 14 округ бар. Алпыс мыңнан астам қара мал, жетпіс мың қой және отыз бес мың жылқы малы бар.
Биыл да ақмолалық диқандарға оңай соқпасы анық. Толассыз жауған жауын-шашын шаруаға кедергі болып тұр. Осы ретте, облыс әкімі әр ауданда арнайы штаб құрылып, Үкіметтен қосымша қолдау көрсетілгенін жеткізді.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
- Қосымша 20 мың тонна жанар-жағармай берілді біздін облысқа. Субсидия берешектерін беріп отыр. Қойған талаптарды 5 пайыздық жеңілдетілген лизингпен ауыл шаруашылық комбайндары мен тракторларды алуға қосымша 5 млрд теңге бөлінді. Қазірдің өзінде 560-дай техника алынды. Жаңа техникалар орақ кезінде өз септігін тигізеді деп болжам жасап отырмыз.
Жалпы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына осы жылы 113 млрд теңге бөлінді. Соның 46 миллиардтан астамы қайтарымсыз субсидия. Сондай-ақ шаруаларды жанармаймен қамтамасыз ету үшін Үкіметтен 83 мың тонна арзандатылған дизель отыны да қарастырылып отыр.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный