БҚО кәсіпкері ауылын көркейтіп жүр
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Бейбітшілік ауылында бүгін әкімдік және учаскелік полиция ғимараты ашылды.
Ауданы 240 шаршы метрді құрайтын еңселі ғимаратта мемлекеттік қызметшілердің алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдай жасалған. Ерекшелігі, аталған нысанды ауыл кәсіпкері Бейбіт Асанов өз қаржысына салып беріпті.
Бейбітшілік ауылы Самара-Шымкент жолының бойында, Ресеймен шекарада, қаладан 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылда жұмыссыз жан кемде-кем, сәйкесінше атаулы әлеуметтік көмек алатын бірде-бір отбасы жоқ. Көшелер түгел асфальт, әлеуметтік нысандар алыстан мен мұндалап жарқырап тұр. Ауылдың көркеюіне кәсіпкер Бейбіт Асановтың да қосқан үлесі зор. Ол осыдан 4 жыл бұрын 150 млн теңгеге спорт кешенін салып берсе, былтыр балалардың ойын алаңын жасақтапты.
Мария Сәрсенова, Бейбітшілік ауылының тұрғыны:
- Оның бәрін халық үшін істеп жатыр ғой. Ауылдағы балалар соған қатысады. Біз осыны зейнеткерлер қуаныштымыз. Ертеде болмаған жақсы дүниелерді көріп жатырмыз.
Ал биыл Бейбіт Асанов тағы да атымтай жомарттық танытып, ескі мәдениет үйінің орнына жаңадан әкімдік ғимаратын салды. Ауданы 240 шаршы метр ғимараттың құрылысына 110 млн теңге жұмсапты. «Туған жерден табан аудармай, еселі еңбегімен ауыл ажарын кіргізген кәсіпкердің әрекеті – өскелең ұрпаққа өнеге», – дейді нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Облыс халқы атынан, осы жердегі ауыл тұрғындары атынан шексіз алғысымды білдіремін. Осындай үлкен ғимарат ауыл ортасында жарқыратып салып беріп, халыққа жағдай жасап жатырсыз. Осының бәрі халыққа қызмет жасайтын ғимарат болады.
Ал ескі кеңседе енді ауыл кітапханасы, пошта қызметкерлері өз жұмысын жалғастырмақ.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.