Сәтбаев қаласында Кеншілер мен байытушылар мерекесі атап өтілді

Тамыздың соңғы жексенбісі – Кеншілер күні.

Кәсіби мерекені «Қазақмыс» кеншілері байытушылармен бірге атап өтті. Өндірістік компания Сәтбаев қаласында салтанатты кеш ұйымдастырып, еңбек озаттарын марапаттады.

Табандылықты талап ететін кенші мамандығын тек қайсар жандар таңдайды. Себебі жеті қат жер астында еңбек ету үшін батыл жүрек керек. Биыл «Қазақмыс» компаниясы еңбеккерлердің кәсіби мерекесін ерекше форматта атап өтіп жатыр. Сәтбаев қаласындағы зәулім салтанат сарайында ең үздік мамандарға құрмет көрсетті. Салтанатты кештің басты қонақтары, яғни озат кеншілер мен байытушылар қызыл кілеммен жүріп өтті.

Мерекелік кеш одан әрі салтанат залында жалғасты. Төрге озған еңбек озаттарын «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев құттықтады.

Нұрахмет Нұриев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы:

- Кеншілер мен байытушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Шаңырақтарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Құрметті ардегерлерге, қазіргі еңбек, қызмет істейтін әріптестерге еңбектеріңіз және мамандыққа адалдықтарыңыз үшін мың алғысымды білдіремін.

Салтанатты кеште дәстүрлі «Қазақмыс жұлдыздары» сыйлығының жеңімпаздары анықталды. «Үздік бұрғылаушы», «Үздік тәлімгер» секілді 35 аталым бойынша үздіктер марапатталды. Солардың бірі – Шатыркөл кенішінің машинисі Ербол Қонақбаев.

Ербол Қонақбаев, кенші:

- Осы корпорациямен өсіп-өніп, осындай дәрежеге жеттік. Рақметім шексіз. Шахтер әріптестеріме денсаулық, «кровлялары» мықты болсын. Қауіпсіздік ережелерін сақтай отыра, осындай үлкен табыстарға, жетістіктерге жете беруін тілеймін.

Мыс өндірісі бойынша әлемде үздік ондыққа кіретін компанияда бүгінде 40 мыңға жуық адам еңбек етеді. Соның 26 мыңы – кеншілер мен байытушылар. Кәсіби мерекеде олардың ешқайсысы назардан тыс қалмады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов.