«ҚазМұнайГаз» қызметкерлері Нұраның жағасын қоқыстан тазалады
«ҚазМұнайГаз» компаниясы жыл басынан бері 180-нен астам экологиялық іс-шараға ұйытқы болды, деп хабарлайды 24kz.
Бүгін де еліміздің бірнеше өңірінде сенбілік өткізіп, өзен-көлдерді қоқыстан тазалады. Нұра өзенінің жағасында өткен сенбілікке қатысып қайтқан Нұрқанат Қанапияны тыңдайық.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Бүгін «ҚазМұнайГаз» компаниясының қызметкерлері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында дәстүрлі сенбілікке шықты. Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары мен Астанада өткен акцияға үш мыңға жуық маман қатысты. Компания 180-нен аса экологиялық іс-шараға өткізді.
Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- Бүгін біз «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияның барлық тобы бүкіл біздің өңірлердегі еншілес мекемелеріміз бір күнде сенбілікке шығып жатырмыз. Бұл бір күндік шара емес. Үнемі жүргізіліп жатыр. Бекітілген жоспарымыз бар «Таза Қазақстан» акциясының төңірегінде. Ең бастысы, Мемлекет басшысының бастамасын, осы экологиялық бастаманы қолдау, соны жүзеге асыру іс жүзінде. Мұнайшылар өз тарапынан әрдайым қоршаған ортаны ластамауға белсенді қарайды, ол біздің берік ұстанымымыз, өзіміздің істеп жатқан еңбектерімізде де қоршаған ортаға зардапсыз жұмыс жасалуы керек деген тұжырыммен жұмыс жасалып келе жатыр.
Сенбілікке жаңаөзендік жас маман –Нұрлан Кокушев қатысты.
Нұрлан Кокушев, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС жас мамандар кеңесінің төрағасы:
- Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» ауқымды акциясына атсалысуға, өзіміздің үлесімізді қосуға келдік. Демалыс күндері үйде жатпай, жастардың бәрі «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға және Қазақстанды таза ұстауға атсалысуға шақырамын.
Астанада Нұра өзенінің жағасынан 6 тоннадай қоқыс шығарылды. ҚМГ компаниялар тобы бойынша өңірлерде 120 тоннадан астам қоқыс жиналды.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Қали Несіпбаев