Kalifarniya «Айып етпе» әніне түсірілген жаңа бейнеклиптің тұсаукесерін өткізді

Алматыда белгілі әнші Kalifarniya-ның «Айып етпе» әніне түсірілген жаңа бейнеклиптің тұсаукесері болды, деп хабарлайды 24kz.

Туындыда отбасы құндылықтары көрсетіліп, махаббат пен сыйластықтың маңыздылығы айтылады. Ал бейнеклиптің премьерасы Kinopark 11 IMAX Esentai-да өтті.

Kalifarniya – жас әнші Фархат Қалиевтің лақап аты. Ол жастар арысында өте танымал. Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрындағы жаңа туындыны тамашалауға әншінің тыңдармандары мен әріптестестері жиналды. Ал бейнебаян түсіру өз идеясы екен.

Фархат Калиев, әнші:

- Бұл енді менің осы уақытқа дейінгі жасаған жұмыстарымның ішінде ең бір үлкен ұжыммен жасаған жұмысым. Сол себепті осы презентацияға біз ниеттенгенбіз. «Айып етпе» деген әннің тақырыбы енді айып етпе. Бірақ клипте біз көбінесе отбасылық құндылықтарды, қандай жағдай болмасын отбасыны сақтап қалу керек екенін жеткізгіміз келді.

Туындыда нәзік жанды арулардың ерік-жігері мен табандылығы көрсетіледі. Қандай қиын сәт болмасын нағыз әйел ерінің қасынан табылып, қолдау білдіреді. Бейнеклипті тамашалаған көрермен мен сыншылар оның мағыналы әрі тағылымды шыққанын атап өтті. Автор әнді шебер орындай білген. Ал сахнадағы әріптесі Серікбек Жаңабектің пікірінше, Kalifarniya отандық эстрадаға жаңа леп әкелді.

Серікбек Жаңабек, әнші:

- Kalifarniya өте күшті жігіт өмірде. Екі-үш рет кездесіп, танысқанбыз. Сол себепті егер бүгін келмесем дұрыс емес болады деп ойладым. Шығармашығы өте жақсы, күшті. Негізі «Пуэрто Рико» өлеңімен қазақ тілінде өте үлкен бір лебізін салды деп ойлаймын. Себебі бұл жалғыз өлең ғой деймін әлемге шығып, шетелдіктер тыңдап, қазақ тілінде естіп дегендей.

Шығарманың тұсаукесеріне өзге де әншілер мен өнер адамдары, эстрада жұлдыздары жиналды. Барлығы Фархат Қалиевтің «Айып етпе» әнінің әсерлі шыққанын айтып, өнер жолында сәттілік пен жетістік тіледі.

Авторлары: Алмас Садуақас, Абен Нарымбаев